Мұнай бағасы арзандап жатыр, Үкіметтің жоспары бар ма

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Мұнай бағасы арзандаса, Үкіметтің жоспары қандай болады / Фото: shutterstock, MaxZolotukhin

Үкімет мұнай бағасы 60-55 долларға дейін төмендеген жағдай үшін даму сценарийін дайындап жатыр. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты.

«Бізде даму сценарийінің үш нұсқасы бар. Қазіргі жағдайда доллар курсы 495, мұнай бағасы 75 доллар болу керек. Мұнай бағасы 60 доллар үшін дағдарыс жоспары жасалды. Қазір мұнай бағасы 55 доллар үшін даму сценарийін аяқтап қалдық», – деді ол.

Жұманғариннің сөзінше, Үкіметтің қандай шығынды қысқартатыны туралы жоспары бар.

«Бірінші кезекте министрлікке тиесілі ұйымдар, қызметкерлер саны қысқарады. Қызметкерлер санының көбеюіне мораторий жарияланады. Жаңа ғимараттар, құрылыстар және осы тәрізділер де бар. Әдеттегі стандартты процедуралар, қазір бұған қатысты жұмыс жүріп жатыр», -деді ол.

Елімізде мұнай-газ саласынан түсетін түсім бюджеттің қомақты бөлігін құрайды. 2024 жылы елдегі мұнай экспорты рекордтық көрсеткішке жетті. Экспортталған мұнайдың номиналды бағасы 43 млрд долларын құрайды.

Бірақ жылдан-жылға Ұлттық қорға түсетін салық түсімдері азайып жатыр. 2024 жылдың 10 айында мұнай-газ саласынан қорға 3,2 трлн теңге немесе 7 млрд доллар келген. Бұл 2023 жылдағы 10 аймен салыстырғанда 10%-ға кем.

Республикалық бюджет қайта өзгере ме?

Трамптың импорттық салығынан кейін мұнай бағасы 60 долларға дейін төмендеп кетті. Осы қарқынды сақтай берсе, бюджетке тағы өзгеріс енгізілуі мүмкін. 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджетте мұнай бағасы барреліне 75 доллар, ал доллар курсы 470 теңге деп бекітілген еді. Бірақ сол кезде нарықтағы сарапшылар республикалық бюджет жобасына күмәнмен қараған.

«Бірнеше халықаралық банктер болжамы бойынша, мұнай 40-50 долларға дейін төмендеуі мүмкін. Ол бюджет тапшылығының ұлғаюына үлес қосады. Онда мүмкін наурызда Ұлттық қордан бөлінетін трансфертті тағы ұлғайтады және шығындарды қысқартады», – деген еді экономист Меруерт Махмұтова былтыр желтоқсанда Kursiv.Media-ға берген пікірінде .

Сол кезде мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов 10 айда республикалық бюджетке 10 рет өзгеріс енгізілгенін де қатты сынға алған. Биыл жыл басында бір рет бюджетке өзгеріс енгізіп, былтыр игерілмеген қаржыны қосты.

Сондай-ақ оқыңыз