Әуежай қызметкерін кепілге алған адамның сотында адвокат қатесінен үзіліс жарияланды

Алматы қаласы Түрксіб аудандық сотында әуежай қызметкерін кепілге алған Машрапбек Баратовқа қатысты іс бойынша сот жалғасып жатыр. Бүгінгі отырысқа әуежай қызметкерін құтқарған Мұса Әбдірайымов те келді.
Түстен кейін басталған процесте судя іс қатысушысы Әбдірайымовтың мәртебесіне қатысты қате кеткенін айтып, үзіліс жариялады. Кейін процесс 17:00-де жалғасатыны хабарланды.
Белгілі болғандай, жәбірленуші қыздың адвокаты істе Әбдірайымовты да жәбірленуші ретінде тіркеген, ал Әбдіраймовтың өзі «жәбірленуші емеспін, куәгермін» деп отыр.
«Ол жерде қауіп болғанымен, мен зардап шеккен жоқпын. Менің бар ойым қызды құтқару болды. Қызды босатып, ана кісінің қолына өзім түскенде ғана қауіп төнгенін түсіндім. Бірақ ұрайын десем үлкен кісі, сондықтан қолындағы пышақты жұлып алуды ғана ойладым. Мен мұнда куәгер ретінде келіп отырмын. Адвокат мырза екеуміз бір-бірімізді түсінбей қалған сияқтымыз», – дейді ол.
Әуежайдағы оқиға
Машрапбек Баратов 2025 жылдың 7 наурызында Алматы әуежайында өзінен құжат сұраған кезде қауіпсіздік қызметінің скрининг қызметкерін шашынан ұстап, пышақпен қорқытқан.
Оқиғаның кездейсоқ куәгері Мұса Әбдірайым есімді азамат Машрапбековтың қаруын тартып алған. Артынша президент Қасым-Жомарт Тоқаев оны «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады.
Машрапбек Баратов Қылмыстық кодекстің 261-бабы 2-бөлігі 4-тармағы (қаруды немесе қару ретiнде пайдаланылатын заттарды қолданып адамды кепілге алу), 293-бабы 3-бөлігі (пышақ қолданып жасалған бұзақылық), 273-бабы (терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау) бойынша айыпталып отыр.