Банктерге салынатын корпоративтік табыс салығы өссе, ипотека қымбаттайды

Үкімет жаңа Салық кодексіне сәйкес, банк секторы мен ойын бизнесіне салынатын корпоративтік табыс салығын (КТС) 25%-ға дейін көтеруді жоспарлап отыр. Корпоративтік табыс салығы өссе, ипотека да қымбаттайды. Мәжіліс кулуарында Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин банктер артық жүктемені ипотека алатын клиенттердің мойнына жүктеуі мүмкін екенін айтты.
«Банк бұл пайыздарды ипотекаға аударады. Бұл ретте мәселе басқада. Осындай қымбат ипотеканы аласыз ба? Бұл ретте диллема туындайды. Табыс салығына қосылған 5 пайызды банк өзіндік құнына енгізе ме, әлде тұтынушының мойнына іле ме?» – деді министр.
Министрдің айтуынша , ипотека нарығы икемді. Тұтынушы 25% емес, 3% пайызбен ипотека беретін басқа банкке кетуі мүмкін.
Банктер мен казинолар 25 пайыз КТС төлейді
Үкімет корпоративтік табыс салығын саралауды ұсынып отыр. Мәселен, банк және ойын секторына салынатын корпоративті табыс салығы 25% болып бекітілмек.
Ал қаржы лизингі және әлеуметтік сала үшін корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесін кезең-кезеңмен 10%-ға дейін көбейтіледі.
Серік Жұманғариннің айтуынша. ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін мөлшерлеме 3% деңгейінде қалады.
«Біз салық ставкаларын саралаймыз. Негізгі КТС мөлшерлемесі 20%-да сақталады, бірақ кейбір салалар үшін жоғары ставка енгізіледі. Бұл банк және ойын бизнесі салалары. Мөлшерлеме 25% болады», — деді министр.
9 сәуірде Мәжіліс жаңа Салық кодексін бірінші оқылымда мақұлдады. Үкімет құжатты жыл соңына дейін қабылдап, 2026 жылы іске қосуды жоспарлап отыр.
Бұл заңда қосылған құн салығын 16%-ға көтеріп, сараланған табыс салығын енгізу қарастырылған.