Астана халықаралық форумы 2025 жылы алғаш рет демеушілер есебінен өтеді

Астана халықаралық форумы 2025 жылы алғаш рет демеушілер есебінен өткізіледі. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі хабарлады.
Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің айтуынша, Астана халықаралық форумын ұйымдастыруға мемлекеттен қаржы бөлінбейді. Форумды ұйымдастыру үшін демеушілер тартылады. Бұл туралы вице-премьер Мәжілістің отырысынан кейін журналистерге берген сұхбатында айтты.
Жұманғариннің сөзінше, осы кезге дейін Халықаралық форумды өткізуге мемлекет қаржысы тартылып келген. 2025 жылы бұл қаулы күшін жойған. Осы себепті шараға демеушілер тарту қажет.
«Форумды ұйымдастыруға қатысты барлық шығындар демеушілік жарналар арқылы жабылады және оған мемлекеттік бюджеттен қаражат бөлінбейді», – деп түсіндірді министрлік.
Айта кетейік, 28 қаңтарда Үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысқан президент Қасым-Жомарт Тоқаев «көрпеге қарай көсілетін уақыт келгенін» айтқан. Оның айтуынша, Үкімет жаппай үнемдеу саясатын ұстап, бюджетті тек қажетті салаларға жұмсауы керек.