Алматының орталығында орналасқан жеті мейрамхана неге жабылып қалды

Жарияланды
Это изображение имеет пустой атрибут alt; его имя файла - image-60-1024x576.png
Панфилов көшесінде орналсқан 7 мейрамхана жабылып қалған / Фото: Максим Скопин

Алматының орталығындағы Панфилов көшесінде тұрған бірнеше ресторан бірден жұмысын тоқтатты. Оған тұрғындар мен жалға берушілер арасындағы келіспеушілік себеп болған. Kursiv LifeStyle тілшісі тұрғындармен және рестораторлармен сөйлесіп, жабылу себебін анықтады.

Панфилов көшесі, 114-үй мекенжайындағы, дәл «Алмалы» метро станциясының жанындағы бірнеше танымал орын сәуір айының басынан бастап жұмысын тоқтатты. Олардың қатарында украин асханасы Bitanga мейрамханасы, Red, Tokyo ramen izakaya bar, TEADOT, Double Coffee, «Лепим и Варим» және әлі ашылмаған Drinkit бар.

Мейрамханалар орналасқан тұрғын үйдің бірнеше тұрғыны Kursiv LifeStyle тілшісіне бизнес өкілдерімен арадағы даудың барын естігенін айтты, алайда нақты адамдарды атай алмады. Кіреберістердің бірінде ТОО «FASHION IMPORT» компаниясы өкілдерімен кездесу туралы хабарландыру ілінген. Бұл компания бірінші қабаттың иесі.

Фото: Даниил Девяткин

Тұрғындарға берілген уәде орындалмаған

«Курсив» тілшісі жабық тұрған мекемелердің ішінен тек Bitanga мейрамханасының негізін қалаушысы Ермек Смаиловпен сөйлесе алды. Ермек мырзаның айтуынша, 2010 жылдардың соңында Панфилов көшесі жаяу жүргіншілер аймағына айналғанда, компания өкілдері тұрғындармен коммерциялық нысандар ашуға келісім жасаған.

Аренда ұсынған компания тұрғындардан рұқсат алып, оның орнына 2019 жылы коммуналдық жүйелерді реттеу, аула абаттандыру және желдету жүйелерін орнату мәселелерін шешуге уәде берген. 2020 жылы осы ғимаратта украин асханасы Bitanga және басқа да дәмханалар ашылды. Сол уақыттан бері жалға алушылар бірнеше рет ауысса да, Bitanga сол күйі жұмысын жалғастырып келген.

2024 жылдың соңында тұрғындар берген уәденің орындалмағанын айтып, түрлі мекемелерге шағым жаза бастаған. Биыл наурыз айының соңында сот ғимараттың коммерциялық қабатында орналасқан мекемелердің жұмысын тоқтату туралы шешім шығарған. Нәтижесінде су мен жарық өшірілген.

«Бәлкім, басқарушы компания уәделерін орындауға үстірт қараған шығар, соның салдарынан жанжал туындады. Кейбір тұрғындар бізге – жалға алушыларға келіп, өмір сапасының нашарлағанын айтты. Тұрғындардың пікірінше, меншік иелері уәделерін толық орындамаған немесе сапасыз орындады», – деді Смаилов.

Орталықтың сәні кетті

Кәсіпкердің айтуынша, Алматының «алтын квадраты» аймағында түрлі дәмханалар мен мейрамханалар болуы керек. Олар жұмыс орындарын ашып, қаланың туристік тартымдылығын арттырып, бюджетке салық түсіреді.

«Қазір бұл ауданды көңілсіздік басып тұр. Қараңғы терезелер қаланың сән-салтанатын арттыра қоймайды. Опера және балет театры маңы – туристер мен қала тұрғындары үшін өте танымал орын. Мұндағы көптеген мекемеге туристер келетін. Енді олардың көбі жабық. Бұл қаланың имиджі үшін де жақсы емес», – дейді Bitanga иесі.

Смаилов пен өзге жалға алушылар қақтығыс тезірек шешілгенін қалайды. Себебі пандемиядан кейін толық қалпына келмеген бизнес жұмысы тоқтағаннан қатты зардап шегіп отыр.

Оның айтуынша, тұрғындардың бәрі бірдей мейрамханаларға қарсы емес.

«Тұрғындардың едәуір бөлігі мейрамханаларға қарсы емес, бірақ барлық уәде орындалғанын қалайды. Біз де өз тарапымыздан үйдің жайлылығын арттыруға дайынбыз», – деді ресторатор тілшіге.

Қазір Bitanga иесі мен өзге мейрамхана иелеріне тек даудың жақын арада шешілуін күту ғана қалып отыр. Мейрамхана қызметкерлері жұмыссыз қалған. Жұмыс істемей тұрған күндері жалдау ақысы алынбайды, бірақ тапсырыс берілген азық-түлік тоңазытқыштарда бұзылып жатыр, жеткізушілермен есептесу де қиын. Қоғамдық тамақтану нүктелерінің жұмысын қайта бастау үшін тұрғындардың үштен екі бөлігінен жаңа келісімі қажет.

Сондай-ақ оқыңыз