Ирак түрмелерінде 6 қазақ әйелі қамауда отыр. Олар елге қайтарыла ма

Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Сенат кулуарында Ирак түрмелерінде жазасын өтеп жатқан Қазақстан азаматшалары туралы сауалға жауап берді.
Қойгелдиевтен журналистер олардың тағдыры не болатынын, елге қайтару бойынша қандай жұмыс жүргізіліп жатқанын сұраған.
Оның айтуынша, қазіргі таңда Ирак түрмелерінде елдің 6 азаматшасы қамауда отыр. Олар бас бостандығынан айыру жазасына кесілген.
«Білуімше, бұл мәселемен Сыртқы істер министрлігі тығыз айналысып жатыр. Біз өз тарапымыздан айтарымыз, бүгін мәселен, Кипрмен сотталғандарға қатысты келісімшартқа қатысты құжатты ратификациялау мәселесін қарастырдық. Тура осындай келісімшарт жобасын Ирак тарапына да жібердік. Қазіргі уақытта олар жобаны қарастырып жатыр», – деді ол.
Сондай-ақ Ирак тарапына бірнеше рет ескерту хат жолданғанын, видеобайланысқа шығып, осы келісімшарт төңірегінде жұмыс жүргізу ұсынылғанын атап өтті.
«Бүгінде Ирак тарапы ешқандай мағлұмат берген жоқ. Егер келісімшартқа қол қойып жатсақ, Ирак Үкіметінің алдына осы сұрақты қоятын боламыз», – деді Қойгелдиев.
Бас прокурдың орынбасары бұған дейін Украинада тұтқынға түскен қазақтарға қатысты пікір білдірген.