Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,5% деңгейінде өзгеріссіз қалдырды

Ұлттық банктің ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемеге қатысты кезекті шешімін шығарды. Бас банк базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 16,5% деңгейінде өзгеріссіз қалдырды. Шешімге өткен айда жылдық инфляцияның қарқын алуы себеп болған.
Наурызда жылдық инфляция 10%-ке дейін жеделдеп, болжамды 10-12% аралығында қалыптасты.
«Негізгі қозғаушы күш – қызмет көрсету секторы, оған реттелетін тарифтердің және нарықтық қызметтердің қымбаттауы әсер етті. Азық-түлік инфляциясының үлесі де өсе түсті», -делінген ҰБ хабарламасында.
Қысқамерзімді инфляциялық күтулер төмендегенімен, ұзақмерзімді күтулер жоғары күйінде қалды. Кәсіби қатысушылардың күтулері 8,7%-тен 10,6%-ға дейін өсті.
Одан бөлек сыртқы ортада да, ішкі нарықта да проинфляциялық тәуекелдер сақталуда. Ресейдегі қос таңбалы инфляция және АҚШ-тың сауда саясатына байланысты белгісіздік мұнай бағасына және қаржы нарықтарына қысым көрсетуде. Ал ішкі нарықта қызмет пен тарифтфі қымбаттауы, салықтың артуы себеп болмақ.
2025 жылдың алғашқы тоқсанында экономика 5,8% өсім көрсетті. Өсім көлік, құрылыс, өңдеу өнеркәсібі және сауда салаларымен байланысты. Ішкі сұранысқа инфрақұрылымдық жобалар, тұтынушылық несиелеу мен халық табысы қолдау көрсетті. Алайда тұтынушылық сұраныс бәсеңдеу белгілерін көрсете бастаған.
Ұлттық банк ұстамды-қатаң ақша-несие саясатын сақтайды. Бұл сұраныс динамикасын бірқалыптандыру және инфляцияның төмендеу үрдісін бекіту үшін қажет.
Бұған дейін Halyk Finance сарапшылары бас банк негізгі мөлшерлемені сол күйі сақтайтынын айтқан.
Ұлттық банк наурыз айындағы шешімінде базалық мөлшерлемені бірден 125 базистік пунктке көтеріп, 16,5%-ға жеткізген еді. Реттеуші бұл шешімін инфляцияның қарқын алуымен түсіндірді. Ол кезде жылдық инфляция ақпанда 9,4%-ға дейін жеделдеген.
Сонымен қатар сарапшылар арасында сауалнама жүргізіп, олар инфляция мен экономиканың өсіміне қатысты болжамдарын қайта қараған. Мамандар Қазақстан экономикасы өсуі баяулайды, ал инфляция әлі де өсе түседі.
Реттеуші негізгі мөлшерлемеге қатысты шешімді жылына 8 рет шығарады. Осы мөлшерлеме негізінде кредит пен депозиттердің сыйақысы қалыптасады.