«Әділ сөз» қоры Лұқпан Ахмедияровқа қатысты іс тоқтатылатынына сенім білдірді

«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры журналист Лұқпан Ахмедияровқа қатысты іс бойынша ұстанымын жариялады. Қор қылмыстық іс жүргізу кодексінің 180-бабының 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болған кезде қозғалатынына сілтеме жасаған.
«Қылмыстық кодексінің 274-бабы (көрінеу жалған ақпарат тарату) таратылған ақпараттың жалған екенін ғана емес, сонымен қатар қылмыстық іс қозғау туралы шешім қабылдайтын құқық қорғау органының лауазымды адамы ақпараттың жалған екенін қолда бар құжаттар мен ақпаратты талдау негізінде негіздеуге міндетті екенін қамтиды», – делінген қор таратқан ақпаратта.
Іс азаматтың жалған ақпаратты біле тұра, яғни қасақана таратса, іс ҚК-ның 174-бабы негізінде қозғалуға тиіс. Ал егер ҚК-нің 274-бабы бойынша қозғалған қылмыстық істі тергеу барысында қасақана тарату расталмаса, қылмыстық іс жүргізу кодексінің 35-бабына сәйкес қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты іс тоқтатылады.
«Лұқпан Ахмедьяров және оның адвокаты тергеу органдарына ақпаратты журналиске хабарлаған адаммен арадағы хаттарды берді. Бұл журналистің іс-әрекетінде көрінеу белгісі жоқ екенін растайды. «Әділ сөз» қоры процеске қатысушыларды заңды мүлтіксіз сақтауға шақырады. ҚК 274-бабы бойынша қылмыстық іс барлық мән-жай егжей-тегжей зерделегеннен кейін тоқтатылады деп үміттенеміз», – делінген ақпаратта.
Айта кетейік, Лұқпан Ахмедияров өзін Астана қаласының полиция қызметкерлері ұстағалы жатқанын instagram парақшасының тікелей эфирінде хабарлаған. Журналист тікелей эфирде полиция қызметкерлерінің ештеңе түсіндірмегенін, күштеп көлікке отырғызып алып кеткенін айтқан. Көп ұзамай Астана қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі журналистің Қылмыстық кодекстің 274-бабы, көрінеу жалған ақпарат тарату бойынша тергеліп жатқанын хабарлады.
Кейіннен полиция журналист Лұқпан Ахмедияровты босатты. Бірақ журналистен сұрақ алу процедурасы әлі де жалғасады.