Сербияда мыңдаған адам үкіметті қолдау митингісіне жиналды

Белградта президент Александр Вучичті қолдау митингісіне мыңдаған адам жиналды. Бұл туралы Reuters жазды.
Басылым олардың Сербияның басқа қалаларынан автобуспен арнайы келгенін хабарлады.
Митингіге байланысты қаланың негізгі көшелерінде көлік қозғалысы тоқтатылған.
Бұл митинг Вучичтің 15 наурызда өткен үкіметке қарсы ірі акцияға берген жауабы ретінде саналады деп жазды басылым.
Сербияда ереуілдер бірнеше айдан бері жалғасып келеді. Студенттер 2024 жылдың 1 қарашасында Новый-Сад қаласындағы теміржол вокзалының төбесі құлап, 15 адамның өмірін қиған қайғылы оқиғадан кейін жаппай ереуілге шыға бастады. Студенттерді ел билігінің құрылыс мәселесіне қатысты салғырттығы ашуландырды. Төбесі опырылып түскен вокзал ғимараты 2021 жылы ғана жөндеуден өткен. Ал 2024 жылы 5 шілдеде ресми ашылу салтанатына қайта жаңғыртылған. Бірақ соған қарамастан ғимарат төбесі құлап түскен.
Халық сыбайлас жемқорлыққа қарсы ереуілді тоқтатпады. 15 наурыз күні жүздеген адам Белград орталығында ереуілге шығып, Новый-Садта қайтыс болған 15 адамды еске алу акциясын өткізді. Акция кезінде ереуілдеушілер бір минуттық үнсіздік жариялады. Дәл сол кезде билік митингке шыққандарды тарату үшін дыбыстық зеңбірек қолданғаны белгілі болды.
Бұған дейін бірнеше айдан бері ереуілдер жүріп жатқан Сербия елінің үкіметі отставкаға кетті.