Ресей шабуылынан Украинаның Сумы қаласында 34 адам қаза тапты

Жарияланды (жаңартылды )
General News бөлімінің тілшісі
Сумы қаласында 34 адам қаза тапты / фото: ашық дереккөз

13 сәуір күні Украинаның Сумы қаласына жасалған шабуыл салдарынан 34 адам қаза тапты, олардың ішінде 2 бала бар. Тағы 117 адам түрлі деңгейде жарақат алған. Бұл туралы BBC хабарлады.

Украина ішкі істер министрі Игорь Клименконың айтуынша, Ресей әскері қала орталығына баллистикалық екі соққы жасаған. Қаза тапқандар мен жараланғандар негізінен көше бойында, көліктерде, қоғамдық көліктерде жүрген қарапайым бейбіт тұрғындар.

«Соққылар қала орталығына тура бағытталған. Бүгін — Вербное жексенбі, көптеген адам шіркеу жанында жүрген болатын. Дәл сол сәтте Ресей тарапы әдейі бейбіт халықты нысанаға алды», — деді Клименко.

Ресей билігі бұл шабуылға қатысты ешқандай түсініктеме берген жоқ.

Украина президенті Владимир Зеленский Ресей президенті Путиннің АҚШ-тың атысты толық және шартсыз тоқтату жөніндегі ұсынысын елемей келе жатқанына екі ай болғанын айтты.

«Өкінішке қарай, Мәскеуде олар әлі де адамдарды өлтіруді жалғастыра беруге құқығымыз бар деп есептейді. Жағдайды өзгерту үшін нақты әрекет керек», — деді Украина президенті.

АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Сумы қаласында болған зымыран шабуылына қатысты пікір білдіріп, қайғылы оқиға құрбандарына көңіл айтты.

«Америка Құрама Штаттары бүгін Сумы қаласына жасалған сұмдық зымыран шабуылының құрбандарына қайғырып көңіл айтады», – деп жазды хатшы.

Рубио бұл оқиғаның Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтатудың қаншалықты маңызды екенін тағы бір рет еске салды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Путинге ашуланған Трамп Ресей мұнайына баж салығын салатынын мәлімдеген еді.

Сондай-ақ оқыңыз