Миллиардер Өтемұратовтың компаниясы тағы бір жерден алтын іздейді

Қазақстандағы ең бай адамдардың бірі Болат Өтемұратов отбасына тиесілі RG Gold алтын өндіруші компаниясы мен америкалық RCFM GP L.L.C. Ақмола облысында тағы бір жерден геологиялық барлау жұмысын жүргізетінін мәлімдеді.
Аршалы өзені мен Шыбындыкөл маңы
Николаев деп аталатын жер осы компания алтын өндіріп жатқан Оңтүстік Райгородок кен орнына жақын маңда орналасқан.
«Николаев учаскесі Оңтүстік Райгородок кен орнынан батыста – N-42-128 А және В аумағында орналасқан. Барлау жоспарына сәйкес, жұмыстар лицензиясы бар аумақтың бәрінде емес, сулы аймақтардан тыс жерлерде жүргізіледі», – деп жазылған компания мәлімдемесінде.
Құжатпен Kursiv.Media танысып шықты.
Геологиялық барлау жұмыстары 2025-2026 жылдары жүргізіледі деп жоспарланған. Алтын кен орнынан оңтүстік-батысқа қарай 1278 метр жерде Николаевка ауылы, ал шығысқа қарай 1644 метр жерде Райгородок ауылы орналасқан. Аршалы өзені барланатын кеннен оңтүстік-батыста 1200 метр жерде ағып жатыр. Жақын маңда – солтүстік-шығысқа қарай 770 метр жерде Шыдындыкөл көлі орналасқан.
Алтын барлауға рұқсат
RG Gold Николаев жерінде пайдалы қазба іздестіру жөніндегі лицензияны 2020 жылғы 24 маусымда өнеркәсіп және инфрақұрылым министрлігінен алған, бірақ кейін құжатты қайта рәсімдеген. Барлау кезінде дрондар көмегімен әуеден суретке түсіру көзделіп отыр. Бұған қоса, 135 мәрте шамамен 80 метр тереңдікке бұрғы салынады.
Геологиялық барлаудың бірінші және екінші жылындағы нәтижесіне қарай жұмысты жалғастыру-жалғастырмау жөнінде шешім қабылданады.
Биыл ақпанда RG Gold Ақмола облысы Бурабай ауданындағы Дмитриевка ауылы маңында геологиялық барлау жұмыстарын жүргізетінін мәлімдеген. 2024 жылғы желтоқсанда Өтемұратов компаниясы Оңтүстік Райгородок маңындағы бірнеше жерден алтын іздейтінін жариялаған. Мұнда да барлау 2025-2026 жылдары ұйымдастырылатыны айтылған.
Өтемұратов байлығы және алтын кендері
RG Gold 2022 жылғы қыркүйекте күніне алты тонна алтын шығара алатын тау-металлургия кешенін іске қосқан. Компания Солтүстік және Оңтүстік Райгородокта алтын өндіреді. RG Gold ресурстары халықаралық JORC бағамымен 185 тонна деп бағаланған. Қордың байлығы қайта дәлелденіп, Райгородок кен орнын игеру жүмысы бес жылдан 20 жылға дейін ұзартылған. Ол қор байлығы жағынан Қазақстандағы үшінші ірі алтын кені.
Компанияның активтер жиындығы 2023 жылдың аяғында 106,1 млрд теңгеден 137,7 млрд теңгеге дейін ұлғайды. 2023 жылы компания 46 млрд теңге таза пайда тапты.
RG Gold алтын өндіруші компанияның жалғыз қожайыны – Cantech S.a.r.l. Оның 65 пайыз үлесі Verny International S.A. SICAR-ға, қалған 35 пайызы RCF VII – RG Gold S.a.r.l. компаниясына тиесілі. Ал Cantech S.a.r.l. компаниясының өзі Timberlay S.A. (Швейцария) арқылы басқарылады, бенефициарлары – Болат Өтемұратовтың отбасы мүшелері мен RCFM GP L.L.C. (Дэлавер штаты, АҚШ) компаниясы. Америкалық бұл компания Resource Capital Funds инвестициялық тау-кен тобына кіреді.
Forbes тізімінде Болат Өтемұратов 3,7 млрд доллармен жергілікті байлар арасында жетінші орында тұр. Ол бір жылдың ішінде дәулетін тура 1 млрд долларға ұлғайтқан.