Ақсу қаласында қарттарға қатыгездік көрсеткен пансионат қызметкері сотталды

Павлодар облысы Ақсу қаласында қарттарға арналған «Қамқор» әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы адам шошырлық жағдай бойынша сот үкімі шықты. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады. Пансионат қызметкері қарттарға қатыгездік көрсеткені үшін үш жылға бас бостандығынан айырылды.
Іс прокуратураның бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерттеуінен кейін қозғалған. Жазбаларда пансионат қызметкерінің қамқорлығындағы адамдарға жүйелі түрде дене күші қолданғаны, сондай-ақ оларды жылы киімсіз далада қалдырып, үсік пен ауыр азапқа салғаны анық көрініс тапқан.
Сот бұл әрекеттердің ауырлығын және салдарын ескере отырып, айыпталушыны кінәлі деп танып, үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Еске сала кетейік, Павлодар облысы Ақсу қаласында зейнеткерлерге арналған пансионатта қызметкерлер қарттарды ұзақ қорлап, зорлық-зомбылық көрсеткен еді.