12 түп қызғалдақ үшін 12 млн теңге айыппұл салған қаншалықты әділетті

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевқа Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында қызыл кітапқа енген қызғалдақты жұлған үшін көзделген жауапкершілік тым ауыр емес пе деген сауал қойылды.
Журналистер министрден «12 түп қызғалдақ үшін 12 млн теңгеге дейін айыппұл салу әделетті ме» деп сұрады.
Министр бұл тұста бәрі заң аясында жасалып отырғанын, артық кетіп жатқан жағдай жоқ екенін атап өтті.
«Қылмыстық кодекстің 339-бабына сәйкес, бұл жерде 3 мыңнан, 7 мыңға дейін АЕК мөлшерінде айыппұл салу қарастырылған. Сол себепті бәрі заңға сәйкес» деді ол.
Министр қызғалдақ жоғалып кетуі мүмкін өсімдіктер қатарына енгізілгендіктен, айыппұлдың мұндай мөлшерін дұрыс деп санайды.
Бұған дейін, Түркістан облысында далада өсіп тұрған қызғалдақты жұлған келіншекке 12 млн теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін екені хабарланған. Оның жұлғаны қызыл кітапқа енген, сирек кездесетін Грейг қызғалдағы болып шыққан.
Қазақстанда қызғалдақтың 40-қа тарта түрі бар. Оның ішінде 11-і – эндемек, яғни өте сирек кездесетін, жойылудың аз-ақ алдында тұр. «Қызыл Кітапқа» 18 түрі енгізілген.