Депозиттік нарықтағы жаңа ереже: банктер мөлшерлемені қалай белгілейді?

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің тілшісі
мемлекеттік сыйақы
Фото: коллаж KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2018 жылдан бастап Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКҚ) жеке тұлғалардың депозиттері бойынша сыйақы мөлшерлемелерін реттеу реформасын кезең-кезеңімен іске асырып келеді. Бұл реформа банктік сектордың тұрақтылығын сақтауға, бәсекелестікті дені сау бағытта жүргізуге және ұлттық валютадағы ұзақ мерзімді жинақтарды ынталандыруға бағытталған. Бұл материалда сол реформалардың нәтижесіне бір талдау жасаған.

Реттеудің мәні неде?

Банктер үшін депозиттер – қаржыландырудың негізгі көзі. 2025 жылғы 1 наурыздағы мәлімет бойынша, банктердің міндеттемелерінің 80%-ын клиенттік салымдар құрайды. Алайда банктердің барлығы бірдей тұрақты емес, сондықтан олардың кейбірі клиенттерді тарту үшін шамадан тыс жоғары мөлшерлемелер ұсынады. Бұл тұрақты банктерден тұрақсыз банктерге қаражаттың кетуіне, банктің шығындарының артып, табыстылығы мен капиталының төмендеуіне себеп болады. Ал мұның салдары – жүйелік тәуекелдерге қарсы тұру қабілетінің әлсіреуіне алып келеді.

Сондықтан ҚДКҚ сыйақы мөлшерлемелерін шектеу арқылы қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге тырысады.

Реформа қалай басталды?

  • 2000–2003 жылдары – ҚДКҚ кепілдігі тек белгіленген шекті мөлшерлемеден аспайтын салымдарға таралды.
  • 2008 жылдан бастап – теңге және шетел валютасындағы салымдар үшін шекті мөлшерлемелер белгіленіп, олардан асқандар үшін банктерге қосымша жарна енгізілді. Бұл елді долларсыздандыруға да әсер етті.
  • 2018 жылы бірінші кезең басталды. Шекті мөлшерлемелер салым түрі мен мерзіміне қарай сараланып, нарықтағы орташа мөлшерлеме мен базалық мөлшерлемеге негізделіп есептеле бастады.
  • Бұл әдіс халықты ұлттық валютада ұзақ мерзімге салым ашуға ынталандырды.

2024 жылғы маңызды өзгерістер:

Банктер екі топқа бөлінді:

  1. Жақсы капиталдандырылған банктер – шектеулер жойылды.
  2. Капиталы аса жақсы емес банктері (КАЖЕ) – шекті мөлшерлемелер сақталды. Оларға шектен асқаны үшін арнайы резервке қосымша жарна төлеу талабы бар.

Бұл жаңа кезеңде нарыққа негізделген жүйе қалыптасты. Банктер мөлшерлемені нарықтағы орташа мөлшерлеме мен ҰБ базалық мөлшерлемесіне қарап белгілейді. Ал одан ауытқыған банктерге жүйелік тәуекел үшін икемді жарна енгізілді.

Нәтижелер қандай?

2024 жылы банктер нарық шеңберінен шықпай, мөлшерлемелерін тұрақты ұстап тұрды. Базалық мөлшерлеме төмендеген сайын депозиттік мөлшерлемелер де төмендеді, ал желтоқсанда 1,4 пайыздық тармаққа өсті. Шұғыл салымдар бойынша қысқа мерзімділерге жоғары, ұзақ мерзімділерге төмен мөлшерлеме ұсынылды – бұл нарықтың дамымағандығын және банк тарапынан тәуекелдерді басқаруға деген ұмтылысты көрсетеді.

2025 жылғы 1 наурыздан бастап КАЖЕ банктер үшін де шекті мөлшерлемелер алынып тасталды. Енді олар нарықтық мөлшерлемеден рұқсат етілген деңгейден асып кетсе, пропорционалды жоғары жарна төлейді. Бұл:

  • Барлық банктерге тең мүмкіндік береді,
  • Ұзақ мерзімді депозиттер нарығын дамытуға жаңа серпін береді,
  • Банктерге жаңа өнімдер жасап, бәсекелестік артықшылықты қызмет көрсету сапасы арқылы арттыруға ынталандырады.

Қазіргі таңда депозиттердің 99,7%-ы 12 айға дейінгі мерзімге ғана орналастырылуда. Дәл осы себепті ұзақ мерзімді салымдар нарығы – әлеуеті зор, бірақ әзірше игерілмеген сегмент. Енді кез келген банк осы нарықта маркет-мейкерге айналып, сұранысты өзі қалыптастыра алады.

Банктер ұсынып отырған жаңа депозиттік мөлшерлемелер туралы мына материалдан оқуға болады.

Сондай-ақ оқыңыз