Энергетика министрлігі мен KNOC өкілдері Қазақстан мұнайының бағыттарын талқылады

15 сәуір күні Астанада ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Оңтүстік Кореяның Ұлттық мұнай корпорациясы (KNOC) делегациясымен кездесу өткізді. Кездесуге корея тарапынан аға атқарушы вице-президент Квак Вонджун жетекшілік етті.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, кездесу барысында келесі тақырыптар талқыланды:
- KNOC-тың Қазақстандағы еншілес ұйымдарының («Кен-Сары» ЖШС, «Меербуш» ЖШС, «Алтиес Петролеум Интернэшнл Б.В.») қазіргі операциялық қызметі;
- Шикі мұнайдың ішкі нарыққа және экспортқа жеткізілуі;
- Мұнай өңдеу зауыттарына тұрақты жеткізілімі арқылы елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Министр Ерлан Ақкенженов KNOC-тың Қазақстандағы мұнай-газ саласына қосқан үлесін жоғары бағалады. Сондай-ақ, мұнай өндіру көлемінің азаюы мен өңдеу қуаттарының артуы жағдайында ішкі нарықты шикі мұнаймен қамту бойынша міндеттемелердің маңызын атап өтті.
«Министрлік бекітілген мұнайды бөлу механизмдерін ұстанады және барлық ойыншылардан осы ережелерді қатаң сақтауын күтеді», – деді министр.
Қазіргі динамика мен бағаны ырықтандыру мәселесі
Кездесуде ішкі нарыққа жеткізілетін мұнай көлемінің қазіргі орындалу көрсеткіштері, белгіленген жүктеме мен кестенің сақталуы, сондай-ақ жанар-жағармай бағасын ырықтандыру мен сала тартымдылығын арттыру мәселелері де сөз болды.
Тараптар энергетика саласындағы серіктестікті жалғастыруға, соның ішінде жаңа инвестициялық жобаларды қолға алуға ниетті екендерін білдірді.