Air Astana VIP-жолаушыларына бауырсақ пен жылқы еті бар жаңа мәзір ұсынбақ

Жарияланды 16 Сәуір 2025 14:57

Азамат Серікхан

Азамат Серікхан

General News бөлімінің аға тілшісі a.serikkhan@kursiv.media
Air Astana VIP-жолаушыларына қандай тағамдар ұсынылады / Фото: Air Astana жарнамалық ролигінен кадр

Air Astana әуе компаниясы бизнес-класс жолаушыларына арналған жаңа борттық мәзірін ұсынды. Бұл мәзірді неономад асханасының AUYL мейрамханасының бас аспазы Руслан Закиров әзірледі. Жолаушылар енді қазақтың дәстүрлі тағамдарын заманауи интерпретацияда татып көре алады.

Air Astana VIP-жолаушыларына қандай тағамдар ұсынылады?

«Сізге жылқы етінен дайындалған тартар ма, әлде асқабақ пен сиыр етінен әзірленген «хошан» (манты) керек пе? Самсаны жылқы мен қозы етінен қалайсыз ба, әлде асқабақ пен жусаймен бе?»

Маусым айынан бастап осындай сұрақтар Air Astana компаниясының халықаралық рейстеріндегі бизнес-класс жолаушыларына үнемі қойылатын болады. Десертке жолаушылар бауырсақ пен балқаймақ, қытырлақ бауырсақ және үш түрлі кәмпит:  тәтті-ірімшік, қаттық-тары, күнжіт-тұз дәмдерін тата алады.

Компания авторлық аспаздық жобаға Наурыз мейрамы кезінде алғаш рет тәуекел еткен болатын. Сол кезде Алматыдан ұшатын ішкі рейстердің бизнес-класына арналған арнайы мерекелік мәзір ұсынылған. Бұл мәзір де AUYL мейрамханасымен бірлесіп дайындалған.

«Біз өте көп оң пікір алдық және бұл ынтымақтастықты халықаралық рейстерге де кеңейтуді жөн көрдік», — дейді Air Astana компаниясының борттық қызмет көрсету жөніндегі вице-президенті Елена Обухова.

Ал мәзір авторы Руслан Закиров: «Біздің мақсатымыз — ұлттық дәстүрлер мен мәдениетімізді мүмкіндігінше көп адамға таныстыру. Сондықтан біз өз асханамызды тек AUYL мейрамханасында ғана емес, одан тыс жерлерде де көрсетуді маңызды деп санаймыз», — деп атап өтті.

Неономад асханасы деген не?

«Неономад асханасы» деген сұраққа, KazakhTourism ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Қайрат Сәдуақасов шетелдіктерге оны «Michelin стиліндегі көне қазақ рецептері» деп түсіндіреді.

Бұл бағыттағы жұмысқа Айгерім Мусагазинованың бастамасымен Қазақстанның барлық аймағында жүргізілген экспедиция үлкен үлес қосты. KazakhTourism бұл жобаны 2018 жылы қолдаған. Экспедиция барысында мұрағаттар зерттеліп, 1000-нан астам ұлттық тағам қайта жаңғыртылған.

2000-жылдардың басында көптеген шетелдіктер қымыздың дәмін аса ұната қоймады. Ал бауырсақ пен лагманнан майлылығына байланысты бас тартатын. Қазір ұлттық тағамдар мейрамханаларында еуропалық талғамға бейімделген мәзірлер бар. Мысалы, шпинат қосылған бауырсақ, немесе еттің қамырына сепия сиясы қосылып дайындалады.

«Гастрономиялық туризм — Қазақстан туризмін дамытудың ең қызықты әрі қолжетімді жолдарының бірі. Неономад асханасы — аудиторияға тез әрі тиімді жолмен жетуге көмектесетін маркетингтік құрал», — дейді Сәдуақасов.

Айта кетейік, жақында Air Astana үздік қызмет көрсету және үздік борттық өнім үшін марапаттарға ие болған еді.

Сондай-ақ оқыңыз