Шерзат Полат ісі бойынша сот отырысы жалғасып жатыр – тікелей трансляция

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Шерзат Полат
Шерзат Полат соты басталды/фото: kursіv.media

Талдықорғанда кісі қолынан қаза тапқан жасөспірім Шерзат Полаттың ісі бойынша сот процесі жалғасып жатыр. Ашық сот отырысы Жоғарғы соттың YouTube каналынан тікелей эфирде көрсетіледі. Сондай-ақ сот отырысынан KursivMedia мәтін түрінде трансляция жүргізеді.

Бастапқыда сот отырысының 17 сәуір сағат 10:00-де басталатыны айтылды. Алайда процесс жоспарланған уақытынан кеш басталды. Бұған адвокаттардың бірінің процеске кеш келуі себеп болған.

10:42 Қылмыстық істі қарап жатқан судья Ержан Жанұзақов сот залына келді. Әрі қарай 10 сәуірде іс бойынша алдын ала сот тыңдауы өткенін, 17 сәуірде басты сот талқылауы басталатынын мәлімдеді. Судья процеске қатысушылардан қылмыстық іс аяқталғанша БАҚ өкілдеріне пікір білдірмеуді сұрады.

10:47 Іске тартылған аудармашы таныстырылды. Тараптар аудармашыға қатысты қарсылығы жоқ екенін жеткізді. Судья аудармашының құқығы мен міндеттерін түсіндірді.

10:50 Сотталушылар өздерінің жеке деректерін айтты. Сотталушы Абзал Шынасыл 2000 жылы туған, бұрын сотты болмаған. Ұлты – қазақ, білімі – орта. Судьяның «сотқа дайынсыз ба?» деген сұрағына сотталушы «сотқа толық дайын емеспін» деп жауап берді.

Равиль Сакиев 1998 жылы туған, Қазақстан азаматы, қазақ, білімі – орта, бойдақ, мейрамханада жұмыс істеген. 2021 жылы 2 жыл 6 айға бас бостандығы шектелген. Соттылығы жойылған.

Шыңғыс Белғожаев 2000 жылы Талғарда туған, қазақ, Қазақстан азаматы, білімі – жоғары, бойдақ. Спорт мектебінде әдіскер болып жұмыс істеген. Бұрын сотты болған, 2015 жылы бас бостандығы шектелген, соттылығы жойылған.

Дархан Әскентай 1993 жылы туған, қазақ, білімі – орта, бойдақ. 2017 жылы іске тартылған, іс тергеу сатысында тоқтатылған.

Нұрқияс Ілиясов 1998 жылы туған, қазақ, білімі – орта, жұмыссыз, бойдақ. 2023 жылы 2,6 жылға бас бостандығы шектелген. Соттылығы өтелмеген.

Азамат Тоқтаубаев 2000 жылы туған, қазақ, білімі – орта, жеке кәсіппен айналысқан, үйленген. 2024 жылдың 17 қазанында 7 жылға сотталған.

Нұрбол Тоқтаубаев 1996 жылы туған, қазақ, білімі – орта, үйленген, бұрын сотталмаған. Сот отырысына дайын.

Дидар Қалиахмет 1998 жылы туған, қазақ, білімі – орта, үйленген, екі баласы бар.

Думан Ысқақ 2007 жылы туған, қазақ, 11-сыныпта оқиды.

11:09 Жәбірленушілерге, оның ішінде Нұрымов, Бишембиева, Қадироваға іс бойынша моральдық талап арыз беру құқығы бар екені түсіндірілді.

Содан кейін сотты кәмелетке толмаған жәбірленуші Махмет пен заңды өкілі Мұқатаеваның қатысуынсыз әрі қарай жалғастыру туралы шешім шықты.

11:15 Тараптар соттың Талдықорған қаласында өтіп жатқанына наразылық білдіріп, адвокаттар істі Алматыда қарауды сұрады. Жәбірленушінің адвокаты процеске онлайн қатысу мүмкіндігін қарастыруды сұрады. Судья Ержан Жанұзақов сот процесінің Талдықорған қаласында өтетінін, қаулыға өзгеріс енгізілмейтінін мәлімдеді. Судьяның мәлімдеуінше, онлайн қатысу мүмкіндігі жоқ, себебі тікелей трансляция жүргізіліп жатыр.

11:26 Сот тергеуі басталды. Мемлекеттік айыптаушы айыптау актісін оқыды.

Айыптау актісі барысында марқұм Шерзат Полаттың мәйітіне жүргізілген сот-медицина сараптамасы нәтижесі де оқылды.

12:47 Сот сағат 14:30-ға дейін үзіліс жариялады.

Айыпталушылар қатарында 9 адам бар

Айта кетейік, қылмыстық іс бойынша сотталушылар қатарында 9 адам бар. Олар:

Абзал Шынасыл;

Равиль Сакиев;

Шыңғыс Белғожаев;

Дархан Әскентай;

Нұрбол Тоқтаубаев;

Азамат Тоқтаубаев;

Нұрқияс Ілиясов;

Дидар Қалиахмет;

Думан Ысқақ.

Айыптау актісіне сәйкес, 2024 жылдың 3 қазанында кешкі 23:22 шамасында (сотталушы) Дархан Әскентай масаң күйде «Қамажай» дүкеніне кірген. Ол жерде үш бөтелке сатып алып, ақшасын төлеген. Арада 11 минут өткен соң «Қамажай» дүкені ішіне Қаржаубай Нұрымовтың (жәбірленуші) ұлы – кәмелетке толмаған Шерзат (марқұм) кірген. 23:47-де Әскентай дүкенге қайта кіріп, Нұрымовқа телефонын беріп, қуаттауды сұраған. Нұрымов телефонды қуаттағышқа қосқан. Мұның бәрін дүкен ішінде болған Шерзат Полат бақылап отырған. Содан кейін дүкеннен шығып, Әскентайды бақылаған. Біраз уақыт өткен соң Әскентай телефонын алып, дүкен алдында сыра ішуін жалғастырған.

«23:52-де кәмелетке толмаған (марқұм) Полат (сотталушы) Дархан Әскентай әкесі Қаржаубай Нұрымовқа қатысты балағат сөз айтты деген болмашы себепті пайдаланып, дүкен алдында тұрған Әскентайдың оң жақ көзі тұсынан екі рет жұдырықпен соққы жасаған. Бұл мән-жайды дүкен ішінен бақылап тұрған Нұрымов бірден сыртқа шығып, өзінің баласы – кәмелетке толмаған ұлына ескерту жасап, дүкеннен су алып, Әскентайдан аққан қанды жууға көмектесіп, ұлының әрекеті үшін Әскентайдан кешірім сұрап, келген зақымды өтеп беремін деген. Алайда Әскентай Нұрымовтың кешірім сұрағанына назар аудармай, жағдайды егжей-тегжей шешу үшін «Қамажай» дүкені алдына өзінің танысы Нұрбол Тоқтаубаевды шақырған», – деді мемлекеттік айыптаушы.

Айтуынша, Нұрымов жағдайды ушықтырмау үшін дүкенге туған інісі Нұрқанат Ғайыпбаевты шақырған. Ғайыпбаев дүкенге жеке автокөлігімен жалғыз өзі келген. Сол жерде Дархан Әскентай мен Нұрбол Тоқтаубаев Ғайыпбаевқа наразылығын айтқан. Сол жерде Нұрқанат Ғайыпбаев Шерзат Полаттың кәмелет жасына толмағанын, көп дүниені түсінбейтінін айтып жеткізген. Інісінің атынан кешірім сұраған. Алайда ол мән-жайды білместен, Дархан Әскентайды дүкенде жасаған саудасының ақшасын төлемеді деп айыптаған. Содан кейін Дархан Аскентай мен Нұрбол Тоқтаубаев дүкен маңынан кетіп, біраз уақыттан кейін қайта оралған.

«Нұрымов дүкен алдында тұрған Әскентайдың әрекетіне ашуланып, яғни кешірім сұрағанына қарамастан, жанжал шығарғысы келіп, басқа адамдарды шақырып жатқанын көріп, оған деген жеке бас араздығы пайда болып, дүкен кассасында тұрған асхана пышағын алып, сыртқа шығып, Әскентайға қарай оқталған. Алайда кәмелетке толмаған Полат әкесінің алдынан шығып, оны сабырға келтіріп, дүкенге қайта кіргізген. Осы уақытта Нұрбол Тоқтаубаев өзінің бауыры Азамат Тоқтаубаев және таныстары Абзал Шынасыл, Равиль Сакиев, Нұрқияс Ілиясов, Шыңғыс Белғожаевтан «Қамажай» дүкеніне келуін сұраған», – деді прокурор.

Мемлекеттік айыптаушы олардың масаң күйде пышағын дайындап «Қамажай» дүкеніне бет алғанын айтты. Бұл кезде Шерзат Полат та өзінің кәмелет жасына толмаған достарын дүкенге шақырған. Артынша сол жерде төбелес басталған. Кәмелетке толмағандардың бірі жарақат алған. Төбелес басталғанын түсінген кәмелетке толмағандар жарақат алған досын алып, дүкен маңынан қашып кеткен.

«…Өз қылмыстық ойын жүзеге асыру үшін Шынасыл «Қамажай» дүкенінің солтүстік-батыс бұрышында 00:42-де Полаттың кәмелетке толмағанын біле тұра, соңынан әкесі Нұрымов, жалдамалы автокөлікпен келген анасы Бишембиеваның, әжесі Қадырованың жүргеніне қарамастан, олардың көзінше аса қатыгездікпен бұзақылық ниетпен Полаттың өмірлік маңызды органы – жүрек тұсына ас пышағын сұғып алған», – деді мемлекеттік айыптаушы.

Шерзат алған жарақатынан отырып қалған. Оны анасы Бишембиева көріп, ұлына қарай бармақшы болғанда сотталушылар Ілиясов пен Шынасыл оны жібермей қояды. Осы кезде Нұрқанат Ғайыпбаев Шерзаттың «Нұрқанат аға, менің ішіме бірдеңе сұғып алды» деген дауысын естиді де, Шерзатқа барып, жедел жәрдем шақыруды сұрап, «скорый, скорый» деп айқайлайды.

Әрі қарай Әскентай, Тоқтаубаев, Ілиясов, Сакиев, Шынасыл Нұрқанат пен Шерзатқа қарай барады. Ол жерге оларға бұрын Шерзаттың анасы жетіп, баласын құшақтап алады.

«Осы кезде Белқожаев Полаттың басынан теуіп, бәкі пышағының сабымен Полаттың басынан бірнеше соққы жасаған. Ал Ілиясов аңшы мылтығымен Полаттың басынан ұрады, бірақ соққы Бишембиеваның оң қолына тиеді. Ілиясов онымен шектелмей, мылтықтың сабымен Ғайыпбаевты бірнеше рет ұрады. Осы уақытта Әскентай, Тоқтаубай, Белғожаев, Ілиясов, Тәкиев және Шынасыл Ғайыпбаев пен Полатты ұрып соққан» – дейді прокурор.

Содан соң Шынасыл мен Сакиев Нұрқанат Ғайыпбаевтың жамбасына үш пышақ жарақатын салған. 

Шерзат Полаттың қазасы

2024 жылы 4 қазанға қараған түні Алматы облысы Талғар ауданында 16 жастағы Шерзат Полат қаза тапты. Сол оқиғадан кейін 11 адам қамауға алынды. 

12 қазанға қараған түні Нұрымовтар отбасының Еңбекшіқазақ ауданы Азат ауылындағы үйін біреулер өртеп кетті. Сол күннен бастап отбасыға күзет берілді. Қылмыстық іс министрдің ерекше бақылауына өтті.

2024 жылдың 9 желтоқсанында Талғар маңында Қаржаубай Нұрымовтың інісінің денесі табылды. Полиция Нұрқанат Ғайыпбаев өз-өзіне қол жұмсады деген нұсқаны ұсынды.

2025 жылдың ақпанында әлеуметтік желіде Шерзат Полаттың өліміне қатысы бар күдіктілердің туған күнін тойлап жатқаны көрсетілген видео тарады. Содан кейін полиция «Құқық қорғау қызметі туралы» заңы негізінде қызметтік тергеу жүргізген.

Нәтижесінде мұндай әрекетке жол берген кінәлі тұлға анықталып, ішкі істер органдарынан шығарылған.

Желіде тараған видеоға сәйкес, қылмыстық іс бойынша қамауға алынғандар бір камерада отырған. Алматы облысы полиция департаменті күдіктілердің бөлек камераларға орналастырылғанын, оларға заңға сәйкес тиісті шара қабылданғанын мәлімдеді. Алайда қандай шара екенін нақтыламады.

2025 жылдың 27 ақпанында Алматы облысының полициясы Шерзат Полаттың өліміне қатысты істі тергеу аяқталғанын хабарлады. Қылмыстық іс 62 томнан тұрады. 40 сот сараптама жасалып, 200-ге жуық куәгерден жауап алынған.

Сондай-ақ оқыңыз