Қазақстанда тұрғын үйді табиғи апаттардан міндетті сақтандыру енгізілуі мүмкін

Қазақстанда тұрғын үйді табиғи апаттардан міндетті сақтандыру енгізілуі мүмкін. Өйткені ЮНИСЕФ мәліметі бойынша, Қазақстан аумағының 75%-ы табиғи апаттар қаупі жоғары аймаққа жатады. Солардың ішінде ең қауіптісі – жер сілкінісі, су тасқыны, дауыл, көшкін, сел, түрлі індет, ыстық пен өрт.
Табиғи апаттан келген шығынды кім өтейді
Осы мақсатта Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігі «Ашық НҚА» порталына «Тұрғынжайларды табиғи апаттардан міндетті сақтандыру туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғынжайларды табиғи апаттардан міндетті сақтандыру, сақтандыру нарығын реттеу және дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» құжат жобасын жариялады.
Агенттік пікірінше, бұл жердегі негізгі мәселе – жойқын табиғи апаттар орын алса, одан келген шығынды мемлекет пен сақтандыру компаниялары төлейтін өтемақы жаба алмайды.
Мұндай жағдайда табиғи апаттан зардап шеккендер қаржылық қолдаусыз қалады. Бұл азаматтар мен бизнес үшін, әсіресе табиғи апаттар қаупі жоғары аймақтарда тұратындар айтарлықтай қауіп тудырады.
Агенттіктің ұсынысы қандай?
Бұл ретте агенттік мынадай ұсыныстар енгізіп отыр:
- сақтандыру полисінің құны мүлік салығына жақын болады (1 000 теңгеден 20 000 теңгеге дейін). Ол аймақтың тәуекел деңгейі мен тұрғын үй жағдайына қарай өзгерелі;
- алғашқы кезеңде сақтандыру төлемі тек зардап шеккендердің бастапқы қажеттіліктерін өтеуге бағытталады және сақтандыру жарнасының 500 еселенген мөлшерінде төленеді (500 мыңнан 10 млн теңгеге дейін). Қор жиналған сайын жөндеу мен жаңа тұрғын үй сатып алуға да қаражат бөлінеді;
- әлеуметтік осал топтар үшін сақтандыру жарнасын мемлекет төлейді;
- ірі апаттар кезінде шығындарды жабу, қайта сақтандыру және жинақталған қаражатты инвестициялау үшін мемлекеттік сақтандыру ұйымын құру жоспарланған.
Қазақстанда қанша үй табиғи апаттан сақтандырылған?
Қазақстанда тұрғын үйді табиғи апаттардан ерікті сақтандыру деңгейі өте төмен: 3,2%. Ол мүлікті ерікті сақтандыру шеңберінде жүзеге асырылады. ҚНРДА құжатының түсіндірме жазбасында Қазақстанда 15 сақтандыру компаниясы ерікті мүлікті сақтандыру қызметін ұсынатыны жазылған.
«S&P сарапшылары Қазақстанның сақтандыру нарығы өте жас, ал халықтың сақтандыру сауаттылығы әлі де даму үстінде екенін атап өтті. Сақтандыру нарығы өсуінің ІЖӨ-нің ұлғаюына тікелей тәуелділігі маңызды фактор болып табылады: экономиканың өсуімен сақтандыру қызметтері мен өнімдеріне қажеттілік артады. Халықтың кірісі өскен сайын адамдар көбірек саяхаттай бастайды, жылжымайтын мүлік сатып алады және тиісті сақтандыру шешімдерін іздей бастайды», – делінген түсіндірме жазбада.
Заң қабылданса, алғашқы жылы 300 мың сақтандыру шарты жасалып, кейін жыл сайын бұл көрсеткіш 100 мыңға артуы тиіс. Заңды 2026 жылы қабылдау жоспарланған.