Қайғылы жағдай болған күні Шерзат Полаттың қандай жарақат алғаны айтылды

Талдықорғанда Шерзат Полаттың ісі бойынша басты сот талқылауы басталды. 17 сәуірдегі сот отырысында мемлекеттік айыптаушылар Дана Сәрсенбай мен Ержан Құрақбаев айыптау актісінің толық мәтінін оқыды, деп хабарлайды KursivMedia.
Соған сәйкес, марқұм Шерзат Полаттың қайғылы жағдай болған күні қандай жарақат алғаны айтылды.
«Сот-медицина сараптамасына сәйкес, кәмелетке толмаған Шерзат Полаттың өлімі сол жақ өкпенің жоғарғы бөлігіне зақым келтіре отырып, сол жақтағы кеуде қуысына еніп, шаншылып кесілген жарақат салдарынан дамыған ауыр қан жоғалтудан болды. Өлім 2024 жылдың 4 қазанында сағат 01:30-да Талғар орталық ауруханасында расталды. Мәйітті зерттеу барысында анықталған жарақаттар – ішкі және сыртқы қан кетудің тудырған сол жақ өкпенің жоғарғы бөлігінің зақымдалуы мен гемоторакс, плевра қуысында 1500 мг қанның болуы», – деді мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай.
Айтуынша, бұл дене жарақаты стационарға келгенге дейін шаншу-кесу қасиеті бар заттың әсерінен туындаған.
Айта кетейік, 2024 жылы 4 қазанға қараған түні Алматы облысы Талғар ауданында 16 жастағы Шерзат Полат қаза тапты.
Қылмыстық іс бойынша алдын ала сот тыңдауы 2025 жылдың 10 сәуірінде басталды. Іс бойынша 9 айыпталушы бар. Олардың деректерін мына жерден көруге болады.
Басты сот талқылауы 2025 жылдың 17 сәуірінде басталды.