Ақтөбе облысының әкімдігі келесі аптадан бастап жұмысты жарты сағатқа ерте бастайды

Ақтөбе облысының әкімдігі жаңа жұмыс кестесіне ауысады. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«2025 жылғы 21 сәуірден бастап облыс әкімінің аппараты, облыстық басқармалар, сондай-ақ Ақтөбе қаласының әкімдігі жұмыс уақытының жаңа режиміне көшеді: 08:30-дан 17:30-ға дейін, түскі үзіліс 12:30-дан 13:30-ға дейін«, – делінген әкімдік хабарламасында.
Әкімдік мәліметінне қарағанда жаңа кесте мемлекеттік қызметшілердің пікірін ескере отырып бекітілген. Ішкі сауалнама қызметкерлердің 70%-дан астамы жұмыс күнінің ертерек басталуы мен аяқталуының ыңғайлылығын ескере отырып, жұмыс режимінің өзгеруін қолдайтынын көрсеткен.
«21 сәуірге дейін жұмыс уақыты сағ. 09:00-ден 18:30-ға дейін, түскі үзіліс сағ. 12:30-дан 14:00-ға дейін. Өзгерістер мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыруға және халыққа қызмет көрсетуді жақсартуға бағытталған» дейді әкімдіктегілер.
Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысында 7 аудан жаңа жұмыс кестесіне көшкен. Оларда қазір жұмыс уақыты 08:00-ден 17:00-ге дейін. Жаңа жұмыс кестесіне алдымен, қаңтар айында Катонқарағай ауданы көшсе, ақпанда Үлкен Нарын және Марқакөл аудандарында да осындай өзгеріс жасалған. Наурыз айында Тарбағатай, Зайсан, Күршім және Самар аудандары жаңа жұмыс кестесіне ауысқан.