Алматыда Freedom Cloud озық дата-орталығының құрылысы басталды

18 сәуірде «Алатау» ақпараттық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағында Freedom Cloud озық дата-орталығының құрылысы ресми түрде басталды. Жоба елдің технологиялық егемендігін нығайтуға және әлемдік деңгейдегі IT-компаниялар үшін Қазақстанды тартымды етуге бағытталған.
Қазақстан үшін маңызды жоба
Салтанатты шараға цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев, Freedom Holding Corp. бас директоры Тимур Турлов және Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров қатысты. Бұл — жобаның ел мен өңір үшін маңыздылығын айқын көрсетеді.
«Қазақстанда дата-орталықтар салу — заманауи цифрлық инфрақұрылымды дамыту жолындағы маңызды қадам. Бұл нысандар сенімді деректерді сақтау мен өңдеуді қамтамасыз етіп қана қоймай, жаһандық ақпараттық экожүйенің ажырамас бөлігіне айналады.
Біз халықаралық цифрлық процестерге интеграциялануға ұмтыламыз. Бұл еліміздің әлемдік аренадағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға сеп болады. Сонымен қатар дата-орталықтардың дамуы отандық IT-нарыққа оң әсер етеді, цифрландыру үдерістерін жеделдетеді. Бұл бизнес пен азаматтар үшін жаңа мүмкіндіктердің есігін ашады», – деді министр Жаслан Мәдиев.
Дата-орталық — цифрлық сервистерді Қазақстанда локализациялау және ірі халықаралық технологиялық компанияларды тарту бойынша мемлекеттік саясатты іске асырудың стратегиялық қадамы.
«Дата-орталық тек үлкен инфрақұрылым нысаны емес. Бұл — біздің технологиялық тәуелсіздігіміздің негізі, халықаралық IT-компаниялар үшін Қазақстанды тартымды ететін фактор, және азаматтарымыз үшін жаңа жұмыс орындары мен мүмкіндіктер.
Біз еліміздің басқа өңірлерінде де осындай орталықтарды салуды жоспарлап отырмыз. Қазақстанның түкпір-түкпірінде заманауи дата-орталықтар бой көтеруі керек — біз осы бағытта тағы бір нақты қадам жасап отырмыз», – деп мәлімдеді Freedom Holding Corp. бас директоры Тимур Турлов.
Freedom Cloud қуаты туралы
Дата-орталығы 480 серверлік шкафпен жабдықталады. Әрқайсысы 15 кВт-қа дейін қуатты көтере алады — бұл шамамен 7–10 электр шәйнекке немесе 5–7 ойын компьютерімен тең. IT-жүктемеге арналған қуаттылық 7,2 МВт-ты құрайды, ал жалпы электр тұтыну көлемі — 13 МВт, бұл шағын қаланың қажеттілігіне пара-пар. Оған серверлердің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ететін салқындату мен қолдау жүйелері де кіреді. Нысан сенімділік пен энергия тиімділігі жағынан әлемдік стандарттарға толық сәйкес келеді.
Ол Еуропа мен Қытай арасында деректерді тасымалдауға арналған баламалы транзиттік арна қалыптастырып, Қазақстанның Еуразиядағы цифрлық хаб ретіндегі рөлін күшейтеді әрі халықаралық әріптестікке жаңа мүмкіндіктер ашады.
«Freedom Cloud дата-орталығының құрылысы — Қазақстанның технологиялық егемендікке, жаһандық цифрлық кеңістікке интеграциялануға деген ұмтылысын көрсетеді. Жоба заманауи технологиялар мен инвестициялар әкеліп қоймай, цифрлық экожүйені дамытуға, таланттарды қолдауға және инновациялық бастамаларға серпін береді», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров.
Freedom Cloud — Қазақстанның цифрлық экожүйесінің басты құрамдас бөлігінің біріне айналмақ. Жоба бизнес, мемлекет және халықаралық серіктестер үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Ол еліміздің жаһандық технологиялық жарыстағы орнын күшейтеді. Сонымен бірге тұрақты цифрлық болашақтың берік іргетасын қалайды.
Дата-орталық құрылысы 2027 жылы аяқталады деп жоспарланған.