Оқушыларға арналған ЖИ-репетитор таныстырылды. Ол не істей алады

Testter.kz білім беру платформасы мектеп оқушыларына арналған жасанды интеллект негізіндегі ЖИ-репетиторды таныстырды. Қазіргі уақытта платформаға 2000-нан астам мектептен 1,5 миллионнан астам пайдаланушы тіркелген.
Testter.kz платформасының негізін қалаушы Андрей Дупик жоба толықтай мектеп бағдарламасына негізделгенін, ақпаратты интернеттен алмайтынын айтады.
Оның сөзінше, онлайн репетитор оқушыларға күрделі тақырыптарды жеңіл тілмен түсіндіріп береді. Нақтылайтын сұрақтар қойып, жеке тапсырамалар ұсына алады. ҰБТ-ға, PISA, TIMSS, ICILS сияқты олимпиадалар мен халықаралық емтихандарға дайындалуға мүмкіндік береді.
«Репетитор қалай жұмыс істейді. Алдымен Testter.kz сайтына тіркелу қажет, содан кейін «ЖИ-репетитор» бөлімін, пән мен оқыту тілін таңдап, сұрақ қою керек. Жүйе оқушының білім деңгейіне бейімделіп, жеке түсініктемелер мен тапсырмалар ұсынады. Мысалы, бала математикадан қиналса, қосымша түсіндіру мен есептер ала алады. Ал әдебиет бойынша шығарманы талдап беріп, негізгі ойды түсіндіре алады», – деді Андрей Дупик.
Жоба жетекшісі Бағлан Қасым ЖИ көмекші мұғалімді толық алмастырмағанымен, оқуды едәуір толықтыратынын атап өтті.
Оның айтуынша, автоматтандырылған жүйе мектептегі жүктемені 80%-ға дейін төмендетіп, алғашқы айдың өзінде оқушының үлгерімін 20-25%-ға жоғарылатуға қауқарлы.
“ЖИ-репетитор дайын жауапты бірден ұсынбайды. Алдымен оқушыға бағыт беріп, тапсырманы өзі орындауға мүмкіндік жасайды. Ал жауап бергенде үстіртін емес, тереңдетілген жауап ұсынады. Оқушының олқылықтары мен жіберген қателерін саралап, әлсіз тұстарын көрсетіп, немен жұмыс істеу керегін айтып отырады. Кәдімгі мұғаліммен сабақ өткендей кері байланысқа шығады, қосымша сұрақтар қою арқылы диалог құрады», – дейді ол.
Жоба авторлары ЖИ негізделген репетитор ұдайы жетіліп тұратынын атап өтті. Оны қолдану тегін.
Қазақстанда 5 жыл ішінде 500 мың оқушы, 300 мың студент, 90 мың мемлекеттік қызметші, 80 мың бизнес өкілі мен басқа салалардағы мыңдаған азаматты ЖИ-мен жұмыс істеуге үйрету жоспарланып отыр.