Неміс көліктері – Mercedes, BMW және Volkswagen: сізге қайсысы лайықты

Жарияланды 18 Сәуір 2025 15:05

(жаңартылды 19 Сәуір 2025 23:07)
Шадияр Өстемір

Шадияр Өстемір

General News бөлімінің тілшісі s.ostemir@kursiv.media
Неміс көліктері ерекше сезім сыйлайды. Мәселен, атқа міну бар да, нағыз тұлпарды тізгіндеу бар/коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов.
Неміс көліктері ерекше сезім сыйлайды. Мәселен, атқа міну бар да, нағыз тұлпарды тізгіндеу бар/коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов.

Неміс көліктері дегеніміз – қауіпсіздік, заманауи технология және жайлылық. Жалпы, неміс сапасы туралы сөз қозғау – басы артық нәрсе.

Mercedes-Benz, BMW және Volkswagen брендтері Қазақстан нарығында кеңінен танымал. Әр бөлшектері мұқият ойластырылған интеллектуалды көліктер Mercedes-Benz GLC, BMW X5, Volkswagen Passat және Volkswagen Touareg-тің әрқайсысының өз аудиториясы бар.

Неміс көліктері несімен ерекше?

«Неміс көліктері өзге көліктермен салыстырғанда көш ілгері. Елімізге шетелдік көліктер ағылып келе бастаған 90-жылдардың басынан бері неміс машиналары бір бас жоғары тұратынын дәлелдеп келеді», – дейді көлік сарапшысы Дәурен Бекбол.

Елімізде Mercedes-Benz пен BMW неміс сәйгүліктерінің жаңа буынын ұсынып жатыр. Олар – жаңа үлгідегі жол талғамайтын көліктер. Екі бренд те — Германия инженериясының символы. Әлемдік автоөндірістегі жетекші ойыншылар.

Mercedes немесе BMW?

«Неміс көліктері ерекше сезім сыйлайды. Мәселен, атқа міну бар да, нағыз тұлпарды тізгіндеу бар. BMW көліктерінің бір қасиеті, көңілге желік бітіреді. Рульде отырған адамды өзгерте алады. Сондықтан бұл көлікті жүргізушілерді жұрт «құтырып айдайды» деп атап жүр. Ал Mercedes байыптылыққа, ұстамдылыққа шақырады. Сондықтан бұл көліктер салыстыруға келмейді. Өйткені беретін әсері әртүрлі», – дейді маман.

Оның айтуынша, Mercedes-Benz GLC үлгі мен ақылдың үйлесімі деп аталып жүр.

Mercedes-Benz GLC

Бұл – тек сән-салтанат қана емес, ақылды технологиясы бар кроссовер. Қазақстандағы базалық нұсқаларының бағасы да әртүрлі. GLC 200 4MATIC 39 871 000 теңгеден бастаса, GLC 300 4MATIC-тің ең арзанын 43 076 000 теңге болады.

Неміс көліктері құнына қатысты бір сөзбен «сапа мен баға үйлесімі» деп баға беруге болады.  

Басты ерекшеліктері – үлкен дисплей, премиум әрлеу, спорттық руль. Сонымен қатар жол жағдайына қарай бейімделетін жүргізу режимдері бар.

Проекциялық дисплейі бөлекше. Ақпарат алдыңғы әйнекке шығарылады. Бұл жүргізушінің назарын бұрып алаңдатпайды. Жол-көлік оқиғасында сенімді жүйесі жолаушыларды қорғай алады. Экологиялық көлік деуге болады. 48 вольтты mild-hybrid жүйесі отын үнемдейді. Қоршаған ортаға да зияны аз.

BMW X5

BMW X5 ерекшелігі – қуат пен тепе-теңдікте, спорттық дизайн, қуатты мотор және технологиялық артықшылықтарда. Отын шығынына келсек, үлгілеріне қарай, 100 шақырымға 8,5–9,9 және 13,1 литр аралығында жанармай жағады. Қиын жолдарға арналған төрт режимі бар.

BMW мен Mercedes-Benz — автомобиль әлемінде ойып тұрып алған өз орны бар. Жолдағы талғампаздық пен техника үйлесімін қаласаңыз, Mercedes-Benz GLC-ті, динамика мен спорттық басқаруды бағаласаңыз, BMW X5 сізге арналған.

«Бірақ неміс көліктері, немістердің қасиеттері секілді, ұқыптылықты, уақыт дәлдігін және кәсібилікті талап етеді. Маманына болмаса, кез келген жерде қызмет ала алмайсыз», – дейді Дәурен Бекбол.

Volkswagen

Volkswagen Passat сенімділік пен жайлылық сыйлайды. DSG автоматты қорабы 7 сатылы. Бұған қарамастан, өте үнемді. 100 шақырымға 6,0–7,2 л тұтынады. IQ.DRIVE көмекші құралдар пакеті – бейімделетін круиз-бақылауы, жолақта ұстауы бар. Бизнес-класқа лайықты жұмсақ әрі салоны кең. Отбасы үшін де таптырмас көлік.

Volkswagen Touareg толық цифрлы панелі және мультимедиасымен тартымды. Night Vision — түнгі көрініс камерасын айтпағанда, түрлі жолға бейімделу қызметі бар. IQ.LIGHT матрицалық фаралары қарсы бағыттағы көлікке кедергі жасамайды.

Volkswagen Passat — іскер адамдар мен отбасы үшін ыңғайлы әрі үнемді. Ал Volkswagen Touareg — BMW немесе Mercedes деңгейіндегі премиум, бірақ жасырын өзгешелігі бар.

«Әрине, Mercedes, BMW көліктері туралы жаңадан бірдеңе қосып айту қиын. Көліктердің ішіндегі сәйгүлігі. Қожайынына ұзақ уақыт қызмет көрсете алады. Тіпті, 90-жылдарда шыққан ескі нұсқалары да қара базарда 10 миллион теңге тұрады. Жапон, кәріс және басқа да көліктер бұл жағынан ілесе алмайды», – дейді сарапшы. 

Мұның алдында Changan cs55 Plus кроссовері сыртқы дизайнын өзгергені туралы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз