Маңғыстау облысында 1,9 трлн теңгенің инфрақұрылымдық жобасы жүзеге асырылады

Маңғыстау облысында 1,9 трлн инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылады. Бұл туралы өңірге жұмыс сапарымен барған президентке Көлік министрі Марат Қарабаев айтты.
Министр Транскаспий халықаралық көлік дәлізі бойынша жүк тасымалы 62%-ға артып, 4,5 млн тоннаға жеткенін мәлімдеді. Бұл бағытта 358 контейнерлік пойыз, 27 мың автокөлік жүк тасымалдаған. Шетелге шығарылған жүк көлемі 3,2 млн тоннаға жеткен. Ал 2028 жылға дейін бұл көлемді 10 млн тоннаға жеткізу көзделген.
Бұған қоса, Қарабаев Ақтауда контейнерлік хаб салынып жатқанын, жобаның алдағы уақытта порттың жүк өткізу қабілетін шамамен екі есе арттыруға жол ашатынын айтқан.
Кендірлі курорттық аймағы туралы
Министр сонымен бірге Кендірлі курортының әуе инфрақұрылымына қатысты жоспарымен де бөліскен.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Кендірлі курорты аймағында жаңа әуежайдың құрылысы басталды. Әуежай сағатына 150 жолаушыны қабылдай алады. Кендірліні Алматы және Астана қалаларымен жалғайтын тұрақты әуе рейстерін ашу жоспарланып отыр», – деп мәлімдеген Қарабаев.
Министрлік жоспарында Орталық – Батыс және Бейнеу – Сексеуіл жол құрылысы жобаларын жүзеге асыру көзделген. Бұл жоба аяқталса, басты бағыттар бойынша логистиканы оңтайландырып, транзит және экспорт жүктерін тасымалдау шығындары біршама азаяды деп күтіледі.
Нақты айтқанда, Астанадан Ақтауға дейінгі қашықтық 800 шақырымға, ал Қорғастан Ақтауға дейінгі жол 900 шақырымға бір-ақ қысқарады.
Президент министрге Кендірлі курорты аумағындағы әуежай құрылысын аяқтау жұмыстарын тезірек жүргізуді тапсырған. Сондай-ақ Маңғыстау өңірінің Қазақстанды Еуразияның көлік-логистика хабына айналдырудағы рөлі зор екенін атап өтіп, өңір әлеуетін тиімді пайдалану қажет екенін айтқан.