Трамп Украинадағы соғысты тоқтату ниетінен бас тартуы мүмкін

АҚШ президенті Дональд Трамп алдағы күндері Ресей мен Украина арасында бейбіт келісімге қол жеткізу белгілері байқалмаса, соғысты тоқтатуға тырысу әрекетінен бас тартады. Бұл туралы АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Парижде өткен Украина мен Еуропа делегациялары қатысқан келіссөздерден кейін мәлімдеді, деп жазады ВВСөдің орыс қызметі.
«Біз бұл мәселемен айлар бойы айналыспаймыз. Сондықтан алдағы апталарда бұл мүмкін бе, жоқ па, соны тез арада анықтауымыз керек. Егер мүмкін болса, біз дайынбыз. Егер болмаса, басқа да маңызды басымдықтарымыз бар», – деді Рубио
Оның айтуынша, Трампты Украинадағы соғыс қатты алаңдатқанымен, көңіл бөлуді қажет ететін басқа да маңызды істер бар.
«Менің ойымша, барлығына еске салып отыру маңызды: Украинадағы соғыс – бұл қорқынышты жағдай, бірақ бұл – біздің соғыс емес. Біз оны бастаған жоқпыз. АҚШ үш жылдан астам уақыт бойы Украинаға көмектесті әрі біз мұның бәрі аяқталғанын қалаймыз. Егер тараптардың бірі немесе екеуі де бейбітшілікке шын мәнінде ниетті болса, біз көмектесуге дайынбыз. Егер ондай ниет болмаса, біз өз жолымызбен кете береміз», – деді Рубио.
Еуропаның үш бірдей дипломатиялық дереккөзі Reuters агенттігіне Рубионың мәлімдемесі Ресейдің ымырасыз ұстанымына байланысты Ақ Үйдің көңілі толмай отырғанын көрсеткенін айтқан.
Еске сала кетсек, АҚШ президенті Дональд Трамп Киевке әскери қолдауының өтеуі ретінде сирек металдардың жартысын беруді талап еткен. Кейін екі ел басшылар Америкада кездесіп, ортақ келісімге келе алмаған. Алайда бұл бағыттағы келіссөз кейінірек жанданып, АҚШ пен Украина пайдалы қазбаларға қатысты меморандумға қол қойғаны хабарланды.