«Бұл – әбден ұят». Президент Маңғыстау облысында әлеуметтік сала ақсап тұрғанын айтты

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Президент Маңғыстау облысында әлеуметтік сала ақсап тұрғанын айтты
Президент Маңғыстау облысында әлеуметтік сала ақсап тұрғанын айтты/Фото: Ақорда

Президент Қ.Тоқаев Маңғыстау облысына жасаған жұмыс сапарында өңірдегі әлеуметтік саладағы олқылықтар туралы айтып, оларды реттеуді тапсырды.

Қ.Тоқаев облыстың денсаулық сақтау жүйесіндегі кемшіліктерге назар аударды.

«Соңғы жылдары аймақта нәрестелердің өлімі азайып келеді. Бірақ елдегі жағдаймен салыстырсақ, бұл көрсеткіш бәрібір жоғары; Қазақстан бойынша – 6,01. Аймақта қатерлі ісік дертіне шалдығу және одан көз жұму деректері азайған. Онкологиялық ауруын асқындырып алған адамдар әлі де көп. Облыста жедел жәрдем бригадалары жетіспейді» – дейді ол.

Президент білім беру мекемелерінде болып жатқан келеңсіз оқиғаларды да тілге тиек етті.

«Балалардың тамақтан жаппай улану деректері азаймай тұр. Бұл – әбден ұят нәрсе. Былтыр 400-ден астам бала, биыл 42 бала зардап шеккен. Бұл оқиғалар мектептерде азық-түлік қауіпсіздігі сақталмай жатқанын көрсетеді. Үкіметке жауапты мемлекеттік органдармен бірлесіп, оқушылардың қауіпсіздігін қатаң бақылауға алуды тапсырамын» – деді президент.

Ол қандай жағдай болса да, мемлекет тиісті әлеуметтік міндеттемелерді орындайтынын, алайда құйтұрқы әрекеттерге жол берілмеуі керектігін атап өтті.

«Мұқтаж жандардың бәріне қажетті көмек көрсетіледі. Әлемде мұндай тәжірибе сирек кездеседі. Бірақ біз үшін бұл – мызғымас ұстаным. Сондай-ақ мәселенің екінші жағы бар. Әлеуметтік жеңілдіктер мен жәрдемге ие болу үшін қитұрқы әрекеттер жасайтындар аз емес. Тіпті әлеуметтік алаяқтық пайда болды деп айтуға болады. Ондай алаяқтар мемлекетке де, қоғамға да зиянын тигізіп жатыр. Көмек шын мұқтаж адамдарға берілуге тиіс» – деді Қ.Тоқаев.

Президент сөзінде әлеуметтік қолдау жүйесін мұқият зерделеу керектігіне ерекше назар аударды.

Тоқаев сапар барысында газ өңдеу зауыты құрылысының кешігуіне үкіметті кінәлап, облыстағы білім саласын сынға алған.

Сондай-ақ оқыңыз