Қазақстан мен Армения кино, театр, өнер салалары бойынша ынтымақтастықты күшейтеді

Қазақстан мен Армения кино, театр, өнер салалары бойынша ынтымақтастықты күшейтеді. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның Армения Республикасының Білім, ғылым, мәдениет және спорт министрі Жанна Андреасянмен кездесуінде айтылды.
«Тараптар мәдени ынтымақтастықтың келешегін талқылап, гуманитарлық байланыстарды қайта жаңғыртып, нығайтудың маңыздылығына тоқталды. Әсіресе, әдебиет, музыка, кино және ақпарат алмасу салаларындағы екіжақты жобаларды кеңейту қажеттігі атап өтілді», – деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Балаева бұл кездесудің мәдениет саласындағы ынтымақтастыққа серпін беретінін, кино ғана емес, кітапхана ісі, музейлер, концерттік ұйымдардың арасындағы байланыс салалары нығая түсетінін айтқан. Министр анимациялық және деректі фильмдерді бірлесіп түсіру тетіктерін қарастыруды, әдебиет саласының көрнекті өкілдерінің шығармаларын аудару мүмкіндіктерін қарастыруды ұсынды.
Ал Жанна Андреасян бірлескен киноөндіріс, театр гастрольдері мен концерттер аясында ынтымақтастықты дамытудың әлеуеті зор екенін атап өтті.
«Бүгін фильмдер көрсетілімі өтті, көрермен қазақстандық туындыларды зор ықыласпен қабылдады. Барлық жоспарланған шаралар жоғары деңгейде өтетініне сенемін. Бұл іс-шаралар елдеріміз арасындағы қарым-қатынасты одан әрі нығайтудың тағы бір қадамы болмақ», – деді ол.
Екі тарап та өзара іс-қимылдың нақты жоспарын әзірлеу идеясын қолдаған. Енді арнай жоспар әзірленіп, ол салалық комитеттер тарапынан пысықталадады және мемлекетаралық деңгейде бекітілмек. Сондай-ақ әдебиет саласында қазақстандық және армян авторлардың шығармаларын аудару туралы келісімге келген. Ол үшін арнайы тізім әзірленеді.
Ал кездесу соңында «Хабар» агенттігі» АҚ мен Арменияның «Қоғамдық телекомпаниясы» ЖАҚ арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылған.