Концерт және қазақша стендап: алдағы аптада қандай іс-шараға баруға болады

Жарияланды (жаңартылды )
Фонограммамен ән айтуға тыйым
Алдағы аптада Қайрат Нұртас, Кеңес Әлімжан, Dudeontheguitar концерті және қазақша стендап болады / Фото: shutterstock; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Алдағы аптаның бағдарламасы тығыз. Демалыс күндері былай тұрсын, аптаның әр күні дерлік бір концерт бар. Оның ішінде дәстүрлі әнші де, заманауи орындаушы да, аты аңызға айналған хитмен де бар. Біз ақпарат көздерін бір ақтарып, әдеттегідей, Kursiv Media оқырмандары үшін алдағы аптада өтетін ең үздік мәдени іс-шаралардың тізімін әзірледік.

Кеңес Әлімжан

Байқоңыр қаласы

26 сәуір

Алдағы сенбі күні Қызылорда халқы үшін арнайы Кеңес Әлімжан концерт бермек. Кейінгі жылдардың ең танымал орындаушыларының бірі Кеңес Әлімжан жүрек тебірентер сырлы әндерімен ерекше. Оның «Өз жүрегіңнен ұялмайсын ба?», «Бозторғай Ана» дейтін әндері миллиондаған тыңдарманның жүрегін жаулап алды. Оның қуатты дауысы мен керемет орындауы ешбір жанды бей-жай қалдырмас.

Бұл кеште Кеңес Әлімжанның жанкүйерлер арасында сүйікті әндерге айналған ең танымал хиттерін орындап қуантпақ. Концерт музыка сүйер қауым үшін ұмытылмас іс-шара болары сөзсіз.

Концерт «Сатурн» концерт залында өтеді. Билеттерді Ticketon.kz сайтынан таба аласыз.

Қайрат Нұртас

Өскемен қаласы

22 сәуір

Қайрат Нұртас – таныстыруды қажет етпейтін, ел арасында танымал хитмен. Әншінің тек Қазақстанда емес, алыс-жақын шетелдерде де миллиондаған тыңдарманы бар.

Талай музыкалық премияда топ жарып, қазақстандық ең үздік орындаушы деп танылған Қайрат Нұртас өзінің талантымен, харизмасымен жұртшылықты әр жолы таңғалдырады. Оның әндері хитке айналып, концерттері үнемі аншлагпен өтеді. Оның әр бейнебаяны көп қаралым жинап, әр айтқан сөзі, әр қимылы, әр әзілі хитке айналып кетеді.

Түрлі буынның сүйіктісіне айналған танымал әншінің кешінен қапы қалып жүрмеңіз. Кеш 22 сәуір күні Өскемен қаласында Шығыс Қазақстан облыстық филармония залында өтеді. 

Басталуы сағат 19:00-де.

Билеттерді Ticketon.kz сайтынан таба аласыз.

Qazaq stand UP

Ақтөбе қаласы

23 сәуір

Алдағы аптада Ақтөбеде өте қызық кеш өтеді. Бұлай дейтініміз, алматылық бір топ стендапер ат басын батыс аймаққа бұрды. Жастар арасында біршама танымал боп үлгерген Аңсаған Садиханов, Galaland – Ғалымжан Жанықұлов, Данияр Бекжанов, Талғат Тынымбай сынды Qazaq Stand Up резиденттері қазір қызу дайындалып жатыр. Олар көрерменді күлкіге қарық қылып, өмірден алынып, әзілге айналған оқиғаларды айтамыз деп уәде береді.

Қазақ сатирасына жаңа леп әкелген стендаперлердің өнерін Ақтөбе тұрғындары мен қонақтары алдағы 23 сәуір күні тамашалай алады. Айтпақшы, ұжым бұл өңірге алғаш рет барғалы отыр.

Кеш Ақтөбе қаласындағы студенттер сарайында өтеді. Басталуы сағат 19:00-де. Билеттерді Ticketon.kz сайтынан таба аласыз.

Dudeontheguitar 

Алматы қаласы

25 сәуір

Dudeontheguitar – Сарығаш ауданынан шығып, ерекше музыкасымен өз тыңдармандарын таба алған тынмал орындаушы. Dudeontheguitar немесе жай ғана Дюд ретінде танылған бұл азаматтың шын есімі Нұрбек Елемес екенін көбі біле бермейді. 

Оның алғашқы альбомы Korpe деп аталады. Саханаға үнемі гитарасын құшақтап шығатыны, елітіп әкететін ерекше әуендері, әндерінің бәрі қазақша болғаны, Нұрбектің сахналық образдары, қарапайым әрі ерекше стильді көрінетіні – жанкүйерлеріне оны жақын етті. 

Нұрбектің Baq, Kolenke, Chill Chill, Boiy Bulgan, Kut meni, Osy jerlerdemiz дейтін және өзге де көптеген танымал әні бар. 

Алдағы аптада Алматыдағы Cafe Bar Kino-да өтетін кешінен қалмаңыз. Бұл сондай ерекше атмосфералы кеш болатынына сенімдіміз.

Кеш 19:00-де басталады. Билеттерді Ticketon.kz сайты арқылы сатып ала аласыз. Концертке келушілерге қатысты жас шектеуі бар, кешке тек 16 жастан асқан қонақтар кіре алады.

Ұланғасырдың ұланасыр концерті

Тараз қаласы

22 сәуір

Ұланғасыр Қамиев – өнер жолын айтыс сахнасынан бастап, 10 жыл айтыстан бөлек жыр, терме, батырлар жырын нақышына келтіріп орындап, бүгінде қазақ эстрадасында өз қатарластарынан оқ бойы озып келе жатқан жас жұлдыз. Ол 2023 жылғы Орта Азия елдерінің үздік хитмені атанды. Оның әйгілі «Қызыл раушан» әніне түсірілген бейнебаяны YouTube 47 миллион, ал «Балқия» әнінің бейнебаяны 35 миллион қаралым жинаған. Бүгінде осы екі әнсіз бірде-бір той өтпейтіні де өтірік емес. Бұл әндерді еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін біледі, ести қалса, бірден билей жөнеледі. 

Оның бұдан өзге де хит әні көп. Алдағы аптада әнші Ұланғасыр Тараз қаласындағы тыңдарманды үшін тұңғыш рет концерт бергелі отыр. Әнші барша көне қала тұрғындарын өзінің «Ұланғасырдың ұланасыр концерті – 25 жас» атты жеке интерактивті-шоу ән кешіне шақырады.

Ән-би толы кешке билет алуға асығыңыз. Концерт 22 сәуір күні Тараз қаласындағы Жүсіп Баласағұн мәдениет сарайында өтеді. Басталуы сағат 19:30-да.

Билеттерді Ticketon.kz сайтынан таба аласыз. 

Бұл – алдағы аптада болатын ең таңдаулы ән кештерінің топтамасы. Ticketon.kz сайтына кіріп, аптаңызды қызықты ететін өзге де іс-шаралар жайлы ақпарат ала аласыз.

Сондай-ақ оқыңыз