Украина тұтқынынан босағандар арасында екі қазақстандық азамат бар

Пасха мейрамына орай ұйымдастырылған «пасхалық тұтқындар алмасуы» аясында Ресей мен Украина өзара тұтқындарды алмасты. Арасында Қазақстан азаматтары да болған. Бұл туралы ресейлік «Наш выход» атты Telegram арнасы хабарлады.
Қоғам белсенділерінің мәліметінше, Киев Мәскеуге тапсырған тұтқындар арасында Қазақстан азаматтары бар. Олар: 23 жастағы Ерболат Ордабаев пен 20 жастағы Шерхан Егамбердиев.
Бұл күні екі тарап жүздеген сарбаздарын қайтарды. Украина президенті Владимир Зеленский 277 украин сарбазының еліне оралғанын хабарлады.Ресей Қорғаныс министрлігі 246 ресейлік әскери қызметкердің қайтарылғанын мәлімдеді.

Пасха мерекесіне орай, Ресей мен Украина президенттері уақытша атысты тоқтату туралы келісімге келген. Путиннің бастамасымен 19 сәуір күні сағат 18:00-ден бастап 21 сәуір түнгі 00:00-ге дейін атысты тоқтату туралы шешім қабылданды. Бірақ екі жақ бір-бірін келісімді бұзып, шабуыл жасады деп айыптап жатыр.