Англиядағы жұмыс: Гүл фермасында айына миллионның үстінде табатын қазақтың әңгімесі

Тұрар келіншегімен бірге Англияда фермада жұмыс істеп жүрген қазақтардың бірі. Барғанына айға жуықтап қалған. KursivMedia тілшісіне Англиядағы жұмысқа қалай барғаны, жұмыстың жай-жапсары мен табысы туралы айтып берді.
Англиядағы жұмыс
Ұлыбритания үкіметі ауыл шаруашылығы өнімдерін күтіп-баптауға, жинауға жыл сайын шетелден мыңдаған еңбек күшін тартады. Жұмыс көбіне 6 айға жалғасады. Барғандар Англия, Шотландия, Уэльс пен Солтүстік Ирландияда еңбек етеді. Жұмыс алқапта немесе жылыжайда бау-бақша өнімдерін теріп-жинаумен байланысты. Негізінен адамдарды маусымның қызған шағы – көктем мен күзде алады. Басқа мезгілде де жұмыс бар, бірақ аздау әрі ақысы төмендеу. Бұрынырақта мұндай маусымдық жұмыс Шығыс еуропалықтар арасында танымал болып келсе, кейінгі жылдары Тұманды Альбионға нәпақа іздеп Орталық Азия азаматтары да көптеп бара бастаған.
Қалай баруға болады
Тұрардың айтуынша, Англиядағы жұмыс маусымына барудың екі жолы бар. Біріншісі, жұмысшы іздейтін арнайы сайттарға өз бетіңше өтінім жіберу арқылы. «Сенімді әрі үнемдісі осы» дейді кейіпкеріміз. Өйткені өзімен бірге бармақ болған бірнеше адам компания қызметіне жүгініп, соңғы сәтті визаға байланысты мәселе туып Қазақстаннан шыға алмай қалған. Енді компанияға төлеген ақшасын қайтара алмай жүрген көрінеді.
Тұрардың сөзінше, Англияға жұмысшы іздейтін agri-hr.com, osrodek-hr.com, agropraktika.eu деген сайттар бар. Алдымен деректерді толтырып, өтінім қалдыру керек. Кейін орыс тілінде онлайн және офлайн әңгімелесу жүреді. Олардың әрқайсысы бір, бір жарым сағатқа созылады. Оның барысында «жұмысқа дайынсың ба», «барып алып қайтам деп жүрмейсің бе» деп сұрап, сол жақтағы жұмыстың жайы мен ережелер түсіндіріледі. Әңгімелесуден сәтті өткендерге виза рәсімделеді. Ұшаққа билет алынып, компания бөлген қалаға аттанасың.
Екінші жолы арнайы компаниялардың қызметіне жүгіну. Олар өтінімді қалай толтыру керегін көрсетіп, үйретіп отырады. Сонысы үшін 600 мың теңгенің төңірегінде ақы алады. Бұл құжат рәсімдеуден хабары жоқ адамдар үшін ыңғайлы болуы мүмкін. Алайда мұндай компаниялардың қызметін пайдалануда қауіп те жоқ емес. Тұрардың таныстарындағыдай виза мәселесі сияқты қиынтықтар туып қалуы ғажап емес.
Барғанға қанша ақша керек
Тұрардың сөзінше, виза рәсімдеу, бір бағытқа ұшақ билеті, әуежайдан фермаға бару, жататын жерге көрпе-жастық, алғашқы апталарға азық-түлік алу сияқты шығындарға шамаман 600 мың мен 800 мың теңге аралығында алып шығу керек.
Жұмысшылар қайда тұрады
Жұмысшылар өздері «караван» деп атайтын 6 адамға арналған арнайы үйшіктерде тұрады. Оның ішінде ерлі-зайыптыларға арналған бөлме, ас үй, ыстық-суық су, газ, жуынатын бөлме қарастырылған. Іші жайлы әрі жылы. Кірді ортақ жерде жауады. «Караванды» жалдау ақысы айына теңгемен 180 мыңның айналасы.
Жұмыс барысы
«Англиядағы жұмысқа барғандарда ферма таңдау мүмкіндігі жоқ» дейді Тұрар. Қайда бөлсе, сонда бару міндетті. Алқаптағы жұмыстар далада, жаңбыр мен күннің астында болғандықтан, ауырлау, алайда ақшасы өзгелердікінен жақсырақ. Тұрар Қазақстаннан барған жиырма шақты адаммен бірге гүл өсіретін фермаға түскен. Айтуынша, өзге фермаларға қарағанда еңбек жағдайы жақсы, таза, жеңіл. Екі күн алқапта, төрт күн саяжайда істейді. Жұмыс таңғы 6-да басталып, әр 3 сағат сайын үзіліс болып тұрады. Түскі үзіліске жарты сағат бөлінеді.

Англиядағы жұмыс табысы
«Бізде сағатына 12,23 фунт төлейді. Аптасына 60 сағаттан артық істетпейді. Сонда айына шамамен 1 млн 800 мың теңге шығады. Одан Караванға төлейміз, ұстап қалатын салығы бар, азық-түлік аламыз, сонымен қолда 1,2- 1,3 млн теңге қалады» – дейді ол.
Азық-түлік пен тағам
Азық-түлікті аптасына екі рет супермаркеттен, шұжық, етті халал дүкеннен алып тұрады. Оған ферма арнайы көлік беріп қойған.
«Байқағаным, мұнда тағамдардың калориясы аздау екен. Қантсыз газды сусындар көп сатылады. Нандары жеңіл, тоймайсың. Әрі қымбат – 1000 теңгенің үстінде. Сосын ет пен шылым қымбат. Қалғаны біздікімен шамалас. Тіпті кола, пепсилердің бағасы біздікіндей-ақ» – дейді Тұрар.
Жұмысшыларға көзқарас
«Еуропаның аты Еуропа екен. Сырттан келген жұмысшы ғой деп бөліп-жармайды. Ұрсысу, көшеде себепсіз сигнал беру деген мүлде жоқ» деген ол ағылшындар өте сыпайы, кішіпейіл екенін атап өтті. «Жол берсең, өткізіп жіберсең алғысын жаудырып жатады. Ферманың директорының өзі үлгермей жатсақ, жұмысқа араласып, көмектесіп кетеді».
Англиядағы жұмысқа барам деушілерге кеңес
Тұрардың айтуынша, жұмысқа келген адам, қиын болса да шыдауы керек. Жұмыс неғұрлым қиын болса, ақшасы да соғұрлым жақсы. Еңбек лайықты бағаланады.
«Заң бұзбау керек. Төбелес шығарсаң, өздері бірден ұшаққа отырғызып, қайтарып жібереді. Екінші рет кіргізбейді. Сосын мейлінше, тіл біліп келген жақсы екен. Ағылшынша білсең, артықшылық көп. Тіл білетіндер жақсы-жақсы орынға, жетекшілік жұмыстарға, қағаз қарау, тапсырыс санау, тарату сияқты жұмыстарға орналасып алған. Қара жұмысқа сирек араласады» – дейді Тұрар.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, Англиядағы маусымдық жұмысқа баратын қазақстандықтардың саны жыл сайын артып келеді. 2023 жылы 5000-нан астам қазақстандық Англияда жұмыс істеп келген.