Спорт министрі марафонда қаза тапқан азаматтардың жақындарына көңіл айтты

Алматыда өткен жартылай марафон кезінде екі қатысушының қаза табуы – ауыр әрі ерекше назар аударуды қажет ететін жағдай. Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдеп, қаза тапқан азаматтардың жақындарына көңіл айтты.
Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта оқиғаға байланысты толыққанды тексеріс жүргізіліп жатыр. Сараптама барысында қатысушылардың денсаулығы, жарысты ұйымдастыру тәртібі, медициналық қамтамасыз ету деңгейі мен қауіпсіздік регламенті жан-жақты қарастырылады.
«Жергілікті атқарушы органдар өткізетін мұндай шараларға талапты күшейтеміз. Бұқаралық спорт қауіпсіз әрі кәсіби деңгейде ұйымдастырылуы тиіс. Туризм және спорт министрлігі бұл бағытта нақты ұсыныстар әзірлеп, тиісті құрылымдарға жолдайды», – деді ведомство басшысы.
Оқиға қоғамда үлкен резонанс туғызып отыр. Министрлік тарапынан бұқаралық спорт іс-шараларындағы қауіпсіздікті күшейту бойынша кешенді шаралар қабылданатыны айтылды.
Еске сала кетейік, 20 сәуір жексенбі күні Алматыда жартылай марафон өтіп, жарыс барысында 84 жастағы Аккоян Рсалиев пен 21 жастағы Нұрбол Ахмади қайтыс болды.