Теңіз кен орнында 2 млрд доллардың кешенін Италиядағы консорциум салады

Теңіз мұнай-газ кен орнында құны 2 млрд доллар болатын газ бөлу кешенін Италиядағы консорциум тұрғызады. Кешен газдан этан бөлумен айналысады.
«Қазақстанның мұнай-газы. Мәліметтер мен пікірлер» телеграм-арнасы осындай мәліметті Upstream Online дерегіне сүйене отырып таратты.
Upstream Online дереккөздерінің хабарлауынша, Теңіз кен орнында Газ бөлу кешенінің құрылысына қатысты келісім-шарт Италияның Tecnimont компаниясы басқаратын консорциуммен жасалды. Жоба құны 2 млрд доллардан сәл асады.
Осы жобаға Оңтүстік Кореяның Hyundai Engineering компаниясы мен Испанияның Tecnicas Reunidas компаниясы да таласқан.
Жаңа кешен Теңізде өндірілетін газдан этан бөліп алуға арналған. Этан Атырау облысында салынатын полиэтилен зауытында шикізат ретінде пайдаланылады. Кешен мұнай мен газ өнідеретін кешендердін бір шақырым қашықтықта салынады.
Кешен бір жылда 9,1 млрд текше метр құрғаз газ бен 1,6 млн тонна этан өндіреді. Жоба операторы – «KMG Petrochem» компаниясы.
Естеріңізге салайық, биыл наурызда Атырау облысында полиэтилен зауытының құрылысы басталды. Ол жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіреді. Зауытқа 7 млрд доллар инвестиция құйылды.