Қытай АҚШ-тан тауар алуды күрт азайтты: Бейжің оны Қазақстаннан сатып ала алады

2025 жылғы наурыз айында Қытай АҚШ-тан алдыратын тауарларының көбісін қысқартты. Кей тауар бойынша импорт тіпті тоқтады. Себебі әлемнің екі ірі экономикасы арасындағы сауда соғысы өршіп тұр.
Bloomberg мәліметінше, наурыз айында табиғи газ пен астық импорты тоқтады. Қытай кеден қызметінің жексенбіде жариялаған есебінен соны білдік.
2024 жылы Қытай импортаған астықтың 17%-ы АҚШ үлесіне тиген. Бұған қоса, Бейжің сұйытылған табиғи газдың 5%-ын Америкадан алдырған.
Қытай ақпан айында АҚШ-тың энергетика өнімдеріне 10-15% баж салығын енгізген. Наурызда ауыл шарушылғы өнімдеріне де осындай көлемде сауда салығы салынған.
Қытайдың Құрама Штаттардан тауар сатып алу көрсеткіші төмендей береді. Себебі сауда соғысы сәуірдің басында одан сайын өршіп, Бейжің мен Вашингтон бір-біріне баж салығын 100 пайыздан асырып жіберген.
Америкалық мақта импорты 90%-ға кеміді. Жүгері импорты да азайды.
Алайда шикі мұнай импорты 25%-ға дейін артып, 542 мың тоннаға дейін жеткен.
Наурызда Қытай билігі металға жаңа баж салығын көтермесе де, АҚШ-тан алдыратын мыс құбырлары екі есе, ал мыс концентраты 38%-ға кеміген.
Бейжің АҚШ-тан сатып алудан бас тартқан тауарлардың кей түрін Қазақстаннан алдыра алады. Мәселен, астық және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдері, шикі мұнай, табиғи газ, мыс – Қазақстанның шетелге экспорттап отырған басты тауарлары.