«Таза Қазақстан» фестивалінде атыраулық оқушы президентке сыйлық тарту етті

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Тоқаев «Таза Қазақстан» экологиялық фестивалінде сөз сөйледі / Фото: Ақорда

Атыраулық оқушы Аружан Ғалымжан Президентке суды үнемдеуге үндейтін суреттерін көрсетіп, эко тақырыптағы көрініс бейнеленген жейде мен шопер сыйлады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Оқушы қыз «Таза Қазақстан» акциясы бойынша ұйымдастырылған шығармашылық байқауға қатысқан. Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың эко-мәдениетке ден қойып жатқанын жоғары бағалап, жалпы жастардың экологиялық бастамасын әрдайым қолдайтынын жеткізді.

«Таза Қазақстан» экологиялық фестивалінде сөз сөйлеген президент елде бір жыл бұрын басталған эко-жобаға атсалысып жатқан әрбір азаматқа алғысын білдірді.

«Мен, ең алдымен, осы жалпыұлттық бастамаға алғашқы күннен бастап белсене қатысып жатқан әр азаматқа шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Әсіресе, солардың қатарында өздеріңіз сияқты жалынды әрі дарынды жастарымыз өте көп. Сіздер еліміздің әр аймағында еңбек етіп, қоғамдық жұмысқа атсалысып жүрсіздер. Бұл – үлгі боларлық іс. Мен Мемлекет басшысы ретінде сіздерді әрдайым қолдаймын», – Тоқаев.

Сонымен бірге мемлекет басшысы, тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек екенін айтып, «Таза Қазақстан» акциясының бір күндік науқан емес екенін, тазалық сақтау әрбір адамның өмір салты екенін атап өтті.

«Мен жаңа ғана көрмені араладым. Онда экологияға мән берген кәсіпорындарымыздың жұмыстары қойылған. Оларға ризашылығымды білдіремін. Қоғамда жаңа экологиялық мәдениет қалыптасып жатыр. Тұтас елдің сана-сезімі өзгере бастады. Жастарымыз мұны терең түсінеді», – деді президент.

Сондай-ақ оқыңыз