Алимент төлемей жүргендер букмекерлік кеңседе бәс тігіп жүр – депутат

Мойнында алимент бойынша 325 млн қарызы бар 484 борышкер 147 млн теңгені Қонаев пен Щучинсктегі казинода жаратып тастаған. Осындай дерек келтірген депутат Снежанна Имашева борышкерлердің букмекерлік кеңселер мен казиноларда бәс тігуі тоқтамай тұрғанын айтты. Бұл ретте депутат борышкерлермен нәтижелі жұмыс жасамай отырған сот орындаушыларды сынады.
Сот орындаушылары өз пайдасын ойлайды…
Мәжілісмен сот орындаушылардың әрекетсіздігіне қатысты бүгінде шағым көбейгенін айтады. Өйткені сот орындаушылары ең алдымен өзіне пайда әкелетін құжаттарды орындауды әдетке айналдырып алған.
«Басқа құжаттарға, әсіресе «әлеуметтік сипаттағы» құжаттарға аз уақыт пен күш жұмсайтын үрдіс әлі де жалғасып келеді. Мұндай істер бойынша сот орындаушысы борышкерді іздеуге асықпайды, әңгімелесуге шақырмайды, мүлік пен ақшаны өндіріп алу үшін тексеру және іздеу бойынша шаралар қабылдамайды, тыйым салуды уақтылы қолданбайды»,– деді депутат Үкімет сағатында.
Борышкерлер казиноларға қанша ақша салды
Депутаттың мәліметінше, өткен жылы прокурорлар борышкерлердің алименттерді, жалақыны және мемлекет пайдасына сомаларды орындаудан жалтаруының 6210 фактісін анықтаған. Мәселен, 2,6 млрд теңге қарызы бар 1761 борышкер онлайн-казино мен букмекерлік кеңселерде 5,8 млрд теңгеге ставкалар жасаған.
«325 миллион қарызы бар 484 борышкер Қонаев пен Щучинск казиносында 147 млн жұмсаған. Сондай-ақ, 3,3 млрд қарызы бар 2536 борышкер электрондық әмияндардағы 5.1 млрд теңге кірістерін жасырған.130 млн қарызы бар 72 адам 4 жылжымайтын мүлік объектісі мен 84 автокөлікті әдейі иеліктен шығарған«,- деп мәлім етті Снежанна Имашева.
Бұдан бөлек, 236 млн қарызы бар 117 борышкер өз шоттарынан 2 млрд теңге еш кедергісіз шешіп алған. Ал 210 млн берешегі бар 300 борышкер 55 миллионға бағалы заттарды ломбардқа тапсырған. Депаутат осындай заңбұзушылықтар орын алып жатқанда сот орындаушы әрекетсіздік танытқанын айтады.
Алмиент қарызы қанша
Мәжіліс төрағасының орынбасары Дәния Еспаеваның айтуынша, 2024 жылы алимент борышы бойынша қозғалған сот істерінің саны 12 мыңнан асып, балалар алдындағы берешек 17 млрд теңгеге жеткен. Ал Снежанна Имашеваның келтірген дерегі басқаша, бұл сома биыл 18 млрд теңгеге жеткен.