Америкалық кәсіпкер ERG үшін 5 млрд доллар ұсынды

Америкалық кәсіпкер Джеймс Кэмерон тау-кен саласындағы Eurasian Resources Group гиганты үшін 5 млрд доллар ұсынды. Ол Қазақстанда сирек кездесетін металдар өндірісіне қатысқысы келеді. Бұл туралы Reuters екі дереккөзге, сонымен бірге инвестор хатына сүйене отырып хабарлады.
ERG және сирек кездесетін металдар
Кэмерон осындай ұсынысы айтылған хатты ERG компаниясының директорлар кеңесіне жолдаған деп жазды Reuters.
Агенттік мәліметінше, акцияларының 40%-ы Қазақстан үкіметіне тиесілі, бірақ Люксембургте тіркелген компания былтыр республикада сирек кездесетін металл кен орындарын барлау үшін жұмыс тобы құрылғанын хабарлаған.
Кейінгі бірнеше айда АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігінің назарына іліккен. Себебі Ақ Үй қазір сирек кездесетені металдарды Қытайдан сатып алуға мәжбүр болып отыр.
Reuters дереккөздерінің айтуынша, ERG пен Кэмерон арасындағы келіссөздер 2024 жылдың аяғынан бері жалғасып келеді. Айта кетерлік жайт, Кэмерон кезінде Petropavlovsk тау-кен компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарған.
Америкалық кәсіпкер хатынан мәлім болғандай, Goldman Sachs алдын ала келіссөз жүргізіп жатыр. Аталған банк келісім-шарт бойынша кеңесші рөлін де атқарады.
«Өзімнің жеке капиталым, сонымен бірге Құрама Штаттардағы, бәлкім, Австралия мен Таяу Шығыстағы басқа да инвесторлардың капиталымен қаржыландырылады», – деп жазылған хатта. Оның көшірмесі Reuters-те бар.
Агенттіктің тағы бір дереккөзінің айтуынша, инвестордың ERG-ге қызығушылығы Қазақстанның сирек кездесетін пайдалы қазбалар өндірісіндегі зор болашағымен тығыз байланысты. Үкімет 2028 жылға қарай сирек кездесетін металдар өндірісін 40%-ға арттыруды көздеп отыр. Өндірісте ERG маңызды рөл атқарады.
Қазақстанда сирек кездесетін металдар қоры бар
2025 жылғы сәуірде Қазақстан үкіметі геологтар пайдалы қазбалардың ірі қоры табылғанын, онда 20 млн метрикалық тонна сирек кездесетін металл бар екенін мәлімдеген. Қазақстан премьері Олжас Бектеновтің мәлімдеуінше, совет заманында мемлекеттік құпия болып келген кеніштер біртіндеп ашылып жатыр.
Үкімет басшысының айтқаны рас болса, Қазақстан сирек кездесетін металдар қоры жөнінен үшінші орынға көтерілуі мүмкін. Алғашқы екі орында Қытай мен Бразилия тұр.
ERG кезінде әлемдегі галлий металының бестен бір бөлігін шығарған. Ол микрочип өндірісінде пайдаланады. АҚШ галлийді аса маңызды материалдар тізіміне енгізген. Алайда ERG оны өндіруді тоқтатты, себебі Қытай 2012 жылы сирек кездесетін осы металды көптеп шығара бастады.
Компанияның негізін қалаған үш адамның бірі Александр Машкевич 2025 жылғы наурыздың аяғында көз жұмды. Машкевичтің, Патох Шодиевтің, сонымен бірге Алиджан Ибрагимов мұрагерлерінің әрқайсының ERG акцияларының 20% үлесі болды. Қалған 40%-на Қазақстан үкіметі иелік етеді.
ERG тобы Қазақстанда «Қазмырыш», «Алюминий Қазақстан», ССГПО, Қазақстан электролиз зауыты, «Евроазия энергетика корпорациясы», «Шұбаркөл көмір», сонымен бірге «ТрансКом» көлік тобына ие.