Шымкент әкімдігінің гаражында Lexus LX570, Kia K8 және Hyundai Sonata көліктері бар

Жарияланды 22 Сәуір 2025 17:34

Азамат Серікхан

Азамат Серікхан

General News бөлімінің аға тілшісі a.serikkhan@kursiv.media
Шымкент шенеуніктері қандай көлікпен жүреді / Фото: Kia K8 / kolesa.kz

21 сәуірде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, экс-депутат Руслан Берденовке шабуыл жасалды. Қаскөйді оқиға орнында ұстауға Берденовтің көлік жүргізушісі көмектесті – ол оқ атқан күдіктіні қағып тоқтатқан. Осы орайда Kursiv Auto Шымкент әкімдігінің қызметкерлері қандай көліктермен жүретінін анықтап көрді.

Фото: Lexus LX570 / aster.kz

Шымкент қаласы әкімдігінің мәліметінше, мегаполис басшысы Ғабит Сыздықбековке 2011 жылы шыққан қара түсті Lexus LX570 жол талғамайтын көлігі бекітілген. Ал жыл басында JuzMedia хабарлағандай, әкім орынбасарлары 2024 жылы құрастырылған премиум санаттағы Kia K8 седанымен жүреді. Бөлім басшылары болса, сол жылы шыққан Hyundai Sonata Style маркалы көліктерімен қатынайды.

Мемлекеттік сатып алулар сайтындағы деректерге сәйкес, дәл сол Hyundai Sonata Style көліктері 2024 жылы сатып алынған болуы мүмкін. Сол кезде Шымкент қаласы әкімдігінің істер басқармасы автоматты беріліс қорабы бар, қозғалтқыш көлемі 2,5 литрге дейінгі 24 D-класс седанын сатып алуға тендер жариялаған. Тендердің жалпы сомасы ҚҚС-сыз 398,2 млн теңгені құрады.

Павлодар қаласында тіркелген «Eurasia Motor Pavlodar» ЖШС жеңімпаз атанып, келісімшарт аясында 24 жаңа Hyundai Sonata көлігін жеткізді. ҚҚС есебімен компания 445,9 млн теңге алды, әр көлікке шамамен 18,58 млн теңгеден келеді.

Астанадағы іссапарларға арналған көліктер

Биыл  қаңтарда Шымкент қаласы әкімдігінің істер басқармасы жүргізушісі бар жеңіл көлікті жалға алу қызметі бойынша лот жариялады. Жалпы сома 1,99 млн теңгені құрайды, қызмет мерзімі — 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін. Қызмет көрсетілетін орыны Астанада.

Көлікке қойылған талаптар: Мемлекеттік нөмірлері болуы тиіс, ҚР Президент Әкімшілігі, Парламент, Үкімет, «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ және басқа да мемлекеттік органдар аумағына кіруге рұқсат берілуі  тиіс. Көліктің саны — кемінде біреу, шығарылған жылы — 2010 жылдан бастап, қозғалтқыш көлемі — 1,8 литрден жоғары.

Фото: Mercedes-Maybach S500 L / duttongarage.com

Конкурс жеңімпазы –  «ҚР ПІБ Автошаруашылығы» РМК.Тапсырыс берушілер бойынша төлем реестрлеріне қарағанда, бұл мекеме шарт талаптарын орындауға кіріскен. Мәселен, Астана қаласындағы сапарлар үшін шымкенттік шенеуніктерге Mercedes-Maybach S500 L (X222) және Kia Optima 2.4 AT көліктері ұсынылған.

Сондай-ақ оқыңыз