Алдағы төрт жылда елімізде төрт газ зауыты пайдалануға беріледі

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
газ зауыты
4 газ зауыты пайдалануға беріледі /Фото: Энергетика министрлігі

Алдағы төрт жылда елімізде төрт газ өңдеу зауыты пайдалануға беріледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов айтты.

«2026-2030 жылдар аралығында 4 газ өңдеу зауытын кезең-кезеңімен пайдалануға беру басталады: қуаттылығы жылына 1 және 2,5 млрд текше метр болатын Қашаған кен орнының, қуаттылығы жылына 4 млрд текше метр құрайтын Қарашығанақ кен орнының шикізаты базасында, сондай-ақ қуаттылығы жылына 900 млн текше метр болатын Жаңаөзен қаласындағы Қазақ Газ Өңдеу зауыты», – деп атап өтті ол.

Қашаған кен орнындағы шикізат базасында газ өңдеу зауыттарын салу үшін UCC Holding катарлық инвестор тартылған. «QazaqGaz» бен «UCC Holding» арасындағы келіссөздер аяқталуға жақын.

Қазақстандық тұтынушыларды үздіксіз газбен қамтамасыз ету үшін «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральдық газ құбырының екінші желісі, «Ақтөбе – Қостанай» магистральдық газ құбыры және «Талдықорған – Үшарал» магистральдық газ құбырының құрылыстары жоспарланған.

Шетелге газ тасымалдау

2023 жылы қазанда Ресейден Өзбекстанға газ транзиті іске қосылды. Сол жылы еліміз арқылы 1,28 млрд текше метр, 2024 жылы 5,6 млрд текше метр газ тасымалданды. Енді 2038 жылға қарай 11 млрд текше метрге дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

Осы жылы түркімен мен өзбек газы Қытай Халық Республикасына да тасымалданады. Оның көлемі 36,2 млрд текше метрді құрайды.

Жалпы былтыр елімізде 59,0 текше метр газ өндірілген. 2025 жылы бұл көрсеткішті ұлғайтып, 62,8 млрд текше метр газ өндірмекші. Республика бойынша табиғи газдың расталған көлемі – 4 трлн текше метр.

Өз кезегінде премьер-министр Олжас Бектенов министрлік, «QazaqGaz» және «ҚазМұнайГаз» компаниялары бірлесіп, 1-ші маусымға қарай  жаңа газ кен орындарын дамыту  және игеру жөнінде ұсыныстар енгізуді тапсырды. Сондай-ақ Өнеркәсіп министрлігіне Энергетика министрлігімен бірлесіп, осы жылы тамыз соңына дейін  жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасын іске қосуды міндеттеді.

Ең бастысы – Қашаған мен Жаңаөзендегі газ өңдеу зауыттарының құрылысының уақытылы бітуін ерекше бақылау қажет екенін атап өтті.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңаөзендегі газ өңдеу зауыты құрылысының кешігіп жатқанын сынға алып, Үкіметтің «өрескел олқылығы» деп атаған. Жоспар бойынша, ол зауыт 2024 жылы іске қосылуы керек еді. Бірақ ашылуы 2027 жылға ысырылды.

Сондай-ақ оқыңыз