Депутат балаларды рұқсатсыз түсіретін блогерлердің парақшасын бұғаттауға шақырды

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов көшеде кез келген адамды видеоға түсіріп, оны өзінің жарнамасына рұқсатсыз қолдану заңсыз екенін айтты.
Депутаттың сөзінше, Азаматтық кодекстің 145-бабына сай, ересек адамның өзін блогерлер жарнамасына пайдалануға құқығы жоқ.
«Кез келген адам өзінің келісімінсіз түсірген видеоны прокуратураға, министрлікке шағым түсіріп, алғызып тастай алады. Егер видеоны алмаса, айыппұл салуға болады», – дейді ол.
Депутат балаларды заңсыз түсіріп, оны жарнамасына пайдаланған блогерлерге заң бойынша шара қолдану керегін, қажет болса, онлайн платформаларға арыз түсіріп, блогерлердің парақшаларын бұғаттап тастау қажет екенін айтты.
Әбенов мұның бәрі онлайн платформалар туралы заңда көзделгенін атап өтіп, бала құқығы жөніндегі омбудсмен Динара Закиева мен құзырлы органдарды осыған назар аударуға шақырды.
Бұған дейін алматылық келіншек блогер Дариға Нұркееваның (Дарикорн) кесірінен баласы буллинге ұшырағанын мәлім етіп, блогерден кешірім сұрауын, моральдық өтемақы төлеуін талап еткен.
Келіншектің айтуынша, былтыр тамызда блогер көшеде кетіп бара жатқан балалардан «ең дәмді тамағың қандай» деп сұрап, «пицца» деп жауап берген баланың жауабы айтылған тұсқа субтитрға басқа бейәдеп сөз жазып, оны өзінің дәмханалар желісінің жарнамасы үшін қолданған. Арызданушы келіншек, осыдан кейін баласы ортасында буллингке ұшырағанын айтады. Блогер баланың анасынан кешірім сұрағанын, бірақ өтемақы бермейтінін айтқан. Сөзінше, баланың анасы өтемақы ретінде өзі айтқандай, 500 мың емес, 5 млн теңге сұраған.