Қашқын кәсіпкер Балушкиннен мемлекетке өткен санаторий бюджет есебінен жөнделеді

«Бипэк Авто Қазақстан» компаниялар тобы мен қашқын кәсіпкер Анатолий Балушкинге тиесілі болған «Рахманов қайнары» санаторийі бюджет қаржысы есебінен қалпына келтіріледі. Нысан сот ісіне байланысты 2021 жылдан бері байланысты жұмыс істемей тұр.
2025 жылдың қаңтарында сот шешімімен санаторий мемлекет меншігіне өтті. Курорттың барлық мүлкі 3 млрд теңгеге бағаланып, ШҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының балансына берілді. Аудан әкімдігі бұл нысан жеке қолға берілмейтінін, әрі тек мақсаты бойынша пайдаланылатынын атап өтті.
Әкімдік хабарлағандай, «жұмыс істемеген жылдары санаторийдің материалдық-техникалық базасы тозып кеткен». Осыған байланысты, мемлекеттік бюджет есебінен санаторийдің инфрақұрылымын қалпына келтіру және жөндеу бойынша жоба-сметалық құжаттама (ЖСҚ) әзірленіп жатыр.
Алайда шенеуніктер қай мекемеге құжат әзірлеуге тапсырыс беріп жатқанын және қай компания жөндеу жүргізетінін айтудан бас тартқан. Сондай-ақ, мемлекеттік сатып алу порталында бұл жоба бойынша лот неге жоқ екенін түсіндірмеді. Жауапты тұлға берген ақпарат басшылықтың тапсырмасымен әзірленгенін және қосымша мәлімет бере алмайтынын мәлімдеді.
Қазіргі уақытта санаторийдің аумағын жеке күзет ұйымы күзетіп тұр.
«Мүліктің қауіпсіздігін және сақталуын қамтамасыз ету мақсатында, 2024 жылғы 2 қазанда күзет қызметтерін көрсету туралы келісімшарттар жасалды», – деді әкімдіктегілер.
Бұған дейін «Курсив» басылымы 2025 жылдың 16 сәуірінде «Бипек-Авто – Азия Авто» тобының бұрынғы басшысы Анатолий Балушкин мен Ерік Сағымбаевқа сырттай үкім шығарылғанын жазған. Балушкин Қазақстандағы 2 млрд теңгеден астам мүлкінен айырылды.