Қазақстан мұнай өндіруде ОПЕК+ келісіміне емес, ұлттық мүддеге сай әрекет етеді

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің тілшісі
Қазақстан ОПЕК+ келісімін орындай ма/ Фото: коллаж KursivMedia

Қазақстан мұнай өндіруде ОПЕК+ келісіміне емес, бірінші кезекте елдің ұлттық мүддесіне сай әрекет етеді. Бұл туралы Reuters-ке берген сұхбатында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов айтты.

«Біз тек ұлттық мүддеге қарай әрекет етеміз. Қазір біз ТШО-дағы өндірісті ұлғайтып жатырмыз және оны әрі қарай да қолдай береміз», – деді ол.

Министрдің сөзінше, Қазақстан ОПЕК+ аясында міндеттемесін орындауға дайын, бірақ ескі кен орындарындағы өндірісті тоқтата алмайды, онда бәрі қирайды. Сондай-ақ ірі мұнай жобаларының акционерлерімен келіссөздерді де жалғастыра береді, дегенмен оларға мұнай өндірісін қысқартуды міндеттей алмайды.

Министр түсіндіргендей, қазір елдегі мұнайдың 70%-ы Теңіз, Қашаған және Қарашығанақтан алынады. Ал 30%-ы ескі кен орындарына тиесілі.

«Егер біз оларды (кен орындарын) тоқтата бастасақ, онда қайта іске қоса алмаймыз. Қазіргі кезде, егер жаңа кен орындары ашылмаса, табиғи жолмен мұнай өндіру көлемі жыл сайын 1–1,5 миллион тоннаға азайып отырады. Өндірістің өсуі тек жаңа кен орындарының есебінен ғана болып отыр. Сондықтан ескі кен орындарын жабу – өз аяғымызға оқ атумен бірдей», – деді ол.

ОПЕК+ аясындағы келісім бойынша, Қазақстан мұнай өндіргенде белгілі бір жоспардан аспауы керек. Бірақ соңғы жылдары еліміз бұл келісімді бірнеше рет бұзып, квотадан асып кетті. Биыл Chevron компаниясының Теңіз кен орнын игеруді кеңейтті. Соның арқасында Қазақстан бір тәулікте 290 мың тонна мұнай өндіріп, рекорд орнатты.

Сәуірде ОПЕК мұнай квотасын бұзған елдер үшін оның орнын толтырудың жоспарын жаңартты. Оған сәйкес, Қазақстан 2026 жылдың маусымына дейін тәулігіне 1,3 млн баррель міндеттемесін өтеуі тиіс. Яғни келесі жылға дейін мұнай өндірісін жоспарға сай қысқартып отырады. Қазақстаннан бөлек бұл тізімде Сауд Арабиясы, Ресей, Ирак, Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейт және Оман бар.

Сондай-ақ оқыңыз