СІМ Түркиядағы қазақстандықтарды қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
жер сілкінісі
Түркияда жер сілкінді/фото: shutterstock

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Түркиядағы жер сілкінісіне байланысты мәлімдеме жасады. Ресми ақпарат бойынша, 23 сәуірде Ыстанбұл маңында магнитудасы 6,2 балл жер сілкінісі болды, артынан афтершоктар жалғасып жатыр, деп хабарлайды KursivMedia.

«Қазір Түркия аумағындағы Қазақстан азаматтарынан Ыстанбұл қаласындағы Қазақстан Бас консулдығына өтініштер түскен жоқ. Қазақстан сыртқы істер министрлігі Түркия билігімен және Қазақстанның Түркиядағы дипломатиялық өкілдіктерімен бірлесіп ахуалдың дамуын қадағалап жатыр», – делінген ақпаратта.

Ыстанбұл қаласындағы Қазақстан Бас консулдығының консулдық есебінде 1137 Қазақстан азаматы тіркелген.

Соған байланысты министрлік қазақстандықтарды сабырлы болып, қауіпсіздік шараларын сақтауға, жергілікті билік органдарының нұсқауын мүлтіксіз орындауға шақырды.

Анадолы агенттігінің дерегінше, жерасты дүмпулері жергілікті уақыт бойынша 12:49-да тіркелген. Зілзала эпицентрі Силиври ауданы жағалауындағы Мәрмәр теңізінде орналасқан. Жер сілкінісінің ошағы 6,92 шақырым тереңдікте болған. Жер сілкінісі жақын маңдағы провинцияларда да сезілген.

Сондай-ақ оқыңыз