Мінберде сөйлеп тұрған адамды «мына тілде сөйле» деп мәжбүрлемеу керек – Тоқаев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) ХХХІV сессиясында қазақ тілі мәселесін көтерді.
«Бүгінде түлектердің 80 пайызға жуығы Ұлттық бірыңғай тестілеуді мемлекеттік тілде тапсырады. Биыл алғаш рет мектепке баратын балалардың 70 пайыздан астамы қазақ тілінде оқитын болады. Әрине, елімізде азаматтар бір-бірін немесе мінберде сөйлеп тұрған адамды «мына тілде сөйле» деп мәжбүрлемеуге тиіс. Тіл мәселесін ту етіп қоғамда алауыздық туғызғысы келетін, ел ішіндегі жағдайды шиеленістіруге ұмтылатын әрбір әрекетке тосқауыл қойылып, заң жүзінде жазаланады», – деді президент.
Сонымен бірге Тоқаев шетелде отырып қазақстандықтар арасында алауыздық тудыруға тырысатын деструктивті ұйымдардың жұмысын сынға алды.
«Халқымыздың татулығын бұзып, ел ішіне іріткі салғысы келетіндер заңға сәйкес қатаң түрде жауапқа тартылады, тиісті жазасын алады. Ал ынтымақ пен бірлікті нығайтуға үлес қосқан азаматтар әрдайым зор құрметке ие болады», – деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда адамды ұлтына, тіліне, дініне қарай кемсіту ешқашан болмағанын, барша азаматтарға бірдей мүмкіндік берілгенін атап өтті.
«Бұл – нағыз әділдік, әділетті мемлекеттің ажырамас бөлігі. Тағы да айтарым: елдің бірлігі мен татулығы ең негізгі құндылықтарымыздың қатарында тұр. Бұл – мемлекеттік саясаттың басты тұғыры. Болашақта да солай болмақ. Осы стратегияның арқасында түрлі этнос өкілдері бір шаңырақтың астында бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Бұл – мағынасы терең нақты жетістік», – деп мәлімдеді президент.