Айлықсыз отырған ұстаздар Оқу-ағарту министрлігінің жауабын жоққа шығарды

Қазақстан Оқу-ағарту министрлігі Kursiv.Media көтерген мәселеге байланысты мәлімдеме таратты. Жекеменшік мектептерде жұмыс істейтін ұстаздар қауымы Ғани Бейсембаев басқаратын министрліктің кейбір мәліметін жоққа шығарып, «қулығын» бірден әшкереледі.
Ұстаздар мемлекетке сыйлады: 2023 жылғы берешек туралы
Мемлекетпен келісімшартқа отырып, соның тапсырмасын толық орындап отырған жекеменшік мектеп өкілдерінің айтуынша, Үкімет 2023 жылғы желтоқсанның ақшасын толық төлемеген.
Алайда Оқу-ағарту министрлігінің 24 сәуірде таратқан мәлімдемесінде екі жыл бұрынғы берешек туралы ештеңе айтылмаған.
«Айтарға сөзім жоқ. 10% туралы біз де ұмыта салайық – мемлекетке сыйладық», – деп қысқа қайырды «Арофат» мектебінің директоры Роза Пак.
2024 жылғы қарыз
Оқу-ағарту министрлігінің мәлімдеуінше, «оператор тарапынан төлемдер 2024 жылғы желтоқсан айына толық көлемде төленген».
Бейсембаев басқаратын министрлік мәліметіне Жекеменшік білім беру ұйымдары республикалық қауымдастығының төрайымы Роза Садықованың жауабы қысқа:
«Адамдар шынымен алмай отырса оны қалай алды деп айтады?», – деп таңданды ұйым басшысы.
Шымкент қаласында 900 бала білім алатын үлкен жекеменшік мектепті басқарып отырған Роза Пак былтырғы берешекке қатысты туындаған мәселені былайша түсіндірді:
«Биыл қаңтарда жергілікті бюджет бізге ақша төлеген уақытта «Қаржы орталығы» мемлекеттік мекемесі былтырғы желтоқсанның қарызын соның есебінен жаба салды. Осы «ойық» жылдан-жылға әлі ауысып келе жатыр. Олар бәрімізге ақша толық аударылғаны туралы төлем құжатын көрсетсін», – дейді 2023 жылдың қарызын мемлекетке «сыйлаған» жомарт директор.
Былтырғы берешек әлі жабылмағанын Алматы облысы Іле ауданындағы «Дана» жекеменшік мектебінің құрылтайшысы Күләнда Батырбекова да растады.
«2023 туралы ештеңе айтпапты. Ал 2024 жылғы берешекті биылдың есебінен жапса, сонда 2025 жылғы желтоқсанды 2026 жылы төлейін деп отырған шығар. 23-ті ұмытып кеткені секілді, ол да бір күні ұмытылар», – деп күмәндана сөйледі кәсіпкер.
2025 жылғы берешек туралы
Мұғалімдер Оқу-ағарту министрлігінің 2025 жылға қатысты мәліметін «мектептерді алалау» деп сипаттады.
«Бүгінгі күнге Оператор тарапынан төлемдер келесідей көлемде жүргізілді:
2025 жылғы қаңтар және ақпан айларына – толық көлемде, оның ішінде Атырау, Алматы және Қызылорда облыстары бар (ата-аналардан қосымша төлемсіз жұмыс жасайтын мектептер бойынша);
2025 жылғы наурыз айына – 9 өңір бойынша толық төленді, қалған өңірлерде – ата-аналардан қосымша ақы алмайтын мектептерге ішінара төлем жасалды», – деп хабарлайды министрлік.
Қарапайым оқырман екі айдың ақысы «толық төленген» екен деп ойлап қалуы мүмкін. Алайда ұстаздар қауымы министрлік «қулығын» бірден әшкереледі.
«Мұнда 2025 жылғы екі айдың ақшасы Атырау, Алматы және Қызылорда облыстарында ата-анадан ақы алмай, субсидиямен ғана жұмыс істейтін мектептерге берілгені айтылған. Қалған жекеменшік мектептер ақпаннан бері тиын көрмегенін жасырған. Министрлік осылайша мектептерді алалап отыр. Сонда олар бәрімізді тегін жұмыс істеуге итермелеп тұр ма?», – деп сұрайды Алматы облысында мектебі бар Батырбекова.
Бұған қоса ұстаздар қауымы үкіметтің берешек нақты қай уақытта толық өтелетінін түсіндірмегеніне ренжіді. Себебі министрлік «қалған өңірлер бойынша төлем Қаржы министрлігі мақсатты трансферттерді өңірлік бюджеттерге аударғаннан кейін жүзеге асырылады» деп қайыра салған. Нақты уақыты көрсетілмеген.
«Өз кезегінде Оқу-ағарту министрлігі меншік нысанына қарамастан, білім беру саласындағы қаржыландырудың ашықтығы мен тұрақтылығын қамтамасыз ету қағидатын ұстанады», – деп түйіндеген Ғани Бейсембаев басқаратын министрлік.
Алайда осындай екіұшты жауапқа көңілі толмаған мұғалімдер осы ретте «ашықтық», «тұрақтылық» сөздерін қолдану тым орынсыз деп түйді.
Ұстаздар мәселесі қашан шешіледі?
Оқу-ағарту министрлігі айтпаған жауапты бірнеше жыл бойы білім министрлігін басқарған депутат Асхат Аймағамбетовтен естідік. Оның айтуынша, үкіметтегілер жекеменшік білім беру мекемелерінің мәселесін сәуір-мамыр айларында толық шешуге уәде берген.
Осының алдында экс-министр Аймағамбетов Kursiv.Media көтерген мәселеге алғашқылардың бірі болып назар аударған.
Ұстаздардың айлық ала алмай жүргені, үкіметтің 2023-2024 жылдардағы берешегі туралы материалды сілтемеге өту арқылы оқыңыз.