Белгілі экономист Алмас Чукин Ұлттық банк саясатын сынға алды

Ұлттық банк жүргізіп отырған саясат тиімсіз және қарама-қайшылыққа толы. Танымал экономист және Visor инвестициялық компаниясының басқарушы серіктесі Алмас Чукин Үкімет реттеушісінің әрекетіне қатысты осындай баға берді.
Сарапшы биыл Үкімет экономиканың өсу қарқынын арттырмақ деген жаңалыққа пікір білдірді. Бұл мақсатқа жету үшін «Бәйтерек» ұлттық холдингінің капиталын 1 трлн теңгеге ұлғайтпақ. Ол қаражат холдингке 8 трлн теңге көлемінде жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік береді, нәтижесінде елде өндірістік қуаттар артып, жаңа жұмыс орындары ашылады. Сонымен қатар екі бірдей кепілдендіру қоры құрылмақ (бірі – шағын және орта бизнес үшін), олар несие пайыздық мөлшерлемелерін субсидиялап, кепілдік береді. 2025 жылы бұл қор шамамен 1,7 трлн теңгеге 30 мыңға жуық ШОБ жобасын қолдамақ.
«30 мың ШОБ жобасына және бюджет есебінен арзан несиеге ие болатын бақыттыларға қуансақ та болады. Бірақ нарықтық мөлшерлемемен коммерциялық банктерден несие алып жүрген он мыңдаған басқа кәсіпкерлер не істемек? Мемлекеттің нарыққа араласу «қайшысы» оны тең емес бөліктерге бөліп тастайды», – деп есептейді Чукин.
Сарапшы Қазақстанда екі түрлі экономикалық саясат арасындағы қақтығыс жалғасып жатқанын атап өтті, «әрқайсысы емнен гөрі кері әсерін көбірек береді». Мысалы, Ұлттық банк басты мәселе – инфляция деп есептейді: бағаның өсуі әрі бюджет, әрі қарапайым халықтың табысын «жеп» жатыр. Экономикалық теорияға сүйенсек, инфляцияны тежеу үшін базалық мөлшерлемені көтеру қажет. Бұл несиені қымбаттатып, депозиттерді тартымды етеді. Яғни адамдар көбірек үнемдей бастайды, азырақ жұмсайды, экономикадағы ақша массасы азайып, сұраныс төмендейді, нәтижесінде бағаның өсуі баяулайды.
Ал дәл осы уақытта Үкімет экономиканы ынталандырып, оған ақша құйып жатыр, «басқаша айтқанда, науқасқа допинг беріп жатқандай».
«Бұл – парадокс және оксюморон. Бір экономикаға бір уақытта екі түрлі дәрі берілуде – біреуі тыныштандырғыш, екіншісі – ынталандырушы. Соның нәтижесінде, екеуінен де нәтиже шықпай жатыр. Өсу де әсерлі емес, әрі тиімсіз, ал несиелер қымбат, бұл бүкіл нарықты тежейді», – деп түйіндеді Чукин.
Ол Қазақстанда қымбат несиелер туралы жиі айтылатынын және мұндай мөлшерлемемен бизнестің дамуы мүмкін еместігі жөнінде жиі шағымданатынын атап өтті.
«Дұрыс айтылады. Бірақ ұсынылып отырған шешім – қате. Әдетте бұдан кейін мемлекет арзан ақша бөлсін деген талап айтылады. Ал ол ақшаны қайдан алмақ? Егер ондай ақша жоқ болса ше? Бюджеттен дейді, яғни бәрімізден. Бірақ қалай бәрімізден алып, бәрімізге қайта бермек? Жоқ, бәріне жетпейді, сонда барынан алып, бізге ұнағандарға береміз», – деп жазды сарапшы.
Чукин кез келген елде үкімет пен орталық банктің мандаты бөлек екенін, бірақ мәселенің шешімі – осы екі институттың әрекеттерін үйлестіруде екенін айтты.
«Бұл қайшылықты үзіп тастауға немесе жоюға болмайды. Бұл – инь мен ян секілді: бір-бірінсіз өмір сүре алмайды. Бұл теңдеудің шешімі – екі орталықтың әрекеттеріндегі тепе-теңдік пен уақыт факторын және нарық тетіктерін ескере отырып жұмыс істеу», – деп түйіндеді Алмас Чукин.
Айта кетейік, осы жылы сәуірде Ұлттық банк базалық мөлшерлемеге қатысты жаңа шешім шығарды. Мөлшерлеме 16,5% деңгейінде өзгеріссіз қалды.