Жекеменшік мектептер мәселесі Сенатта сөз болды

Қазақстанда жекеменшік мектептер мәселесі Сенаттың бейсенбідегі отырысында талқыланды. Бірақ айлықсыз отырған мұғалімдер туралы ештеңе айтылмады.
Сенатор Наурызбай Байқадамов жеке білім беру мекемелерінің қызметін реттеу шараларын ұсынды. Бір күн бұрын Kursiv.Media басылымы жеке білім беру мекемелеріндегі өткір мәселелерді көтерген еді.
Депутат жекеменшік мектептеріне қатысты мәселелердің бірқатарын Қызылорда облысының мысалында реттеуді ұсынды. Алайда алты ұсыныстың ішінде ақпаннан бері айлықсыз отырған мұғалімдер туралы ештеңе айтылмаған.
«Біріншіден – мемлекеттік мектептердің жанынан есепсіз жеке мектептердің салынуы олардың жобалық қуатына сай толмай қалу қаупін туындатты.
Екіншіден – жер телімдері бастапқыда жекеменшік құқығындағы кәсіпкерлік немесе тұрғын үй ретінде алынып, кейін мектеп ретінде ашылып жатыр. Салынатын мектеп құрылысының ережелерге сәйкес келетін типтік жобасы бекітілуі керек деп санаймын», – дейді сенатор.
Бұған қоса, Байқадамов жекеменшік білім беру ордаларына атау беру де ономастика саласындағы заңнамалармен реттелуі керек деп есептейді.
Мәселелерді Қызылорда мысалында реттеуді ұсынған депутат осы өңірдегі жеке мектептердің 74,3 пайызында ұстаздар құрамы лицензия талаптарына сәйкес келмейді деп мәлімдеді.
«Мектеп құрылтайшылары бала санын көбейту үшін орталыққа елдімекендерден бала тасымалдап жүр. Олардың жол қауіпсіздігі мәселесі де алаңдатып отыр», – деп түйіндеді сенатор.
Ол ұсыныстарын премьер-министр Олжас Бектеновке жолдады.
Сенат отырысы өткен күні айлықсыз отырған жеке мектептердің ұстаздары Оқу-ағарту министрлігінің жауабын жоққа шығарып, «қулығын» бірден әшкерелеген.