Ақтөбе облысында қызғалдақпен суретке түскен әкімге айыппұл салынды

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Ақтөбе облысында сары қызғалдақпен түскен әкімге айыппұл салынды
Ақтөбе облысында қызғалдақпен суретке түскен әкімге айыппұл салынды/Видео кадры

Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданына қарасты Құдайберген Жұбанов атындағы ауылдық округтің әкімі Ляззат Бердібаева сары қызғалдақтармен түскен фотосуреті үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 10 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), яғни 39 320 теңге көлемінде айыппұл төледі. Бұл туралы 2025 жылғы 24 сәуірде облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Полицияның хабарлауынша, Ляззат Бердібаева әлеуметтік желіде сары қызғалдақтармен түскен суретін жариялаған. Бұл сурет әлеуметтік желі қолданушылары арасында резонанс тудырып, мемлекеттік қызметкер қорғауға алынған өсімдіктерді не себепті жұлып жүргені жайлы сұрақтар туындаған. Нәтижесінде Мұғалжар аудандық полиция бөлімінде тексеріс жүргізілген.

«Мұғалжар ауданы тұрғынының (Л. Бердібаева) гүл шоғымен түскен фотосына қатысты әлеуметтік желідегі жарияланымға сәйкес тексеру жүргізілді. Берілген түсініктемесінде гүлдерді оның кәмелетке толмаған балалары жұлғаны айтылды. Осыған байланысты ҚР ӘҚБтК 127-бабының 1-бөлігі – кәмелетке толмаған баланың тәрбиесі мен бағып-қағу жөніндегі міндеттерді орындамау дерегі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды», – делінген полиция департаментінің ресми хабарламасында.

Сонымен қатар аталған жағдай мемлекеттік қызметшінің этикасын сақтау мәселесі бойынша аудан әкімдігіне қарауға жолданған.

Бұған дейін, Түркістан облысында далада өсіп тұрған қызғалдақты жұлған келіншекке 12 млн теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін екені хабарланған. Оның жұлғаны қызыл кітапқа енген, сирек кездесетін Грейг қызғалдағы болып шыққан.

Осы оқиғаға байланысты журналистер Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтан «қызыл кітапқа енген қызғалдақты жұлған үшін көзделген жауапкершілік тым ауыр емес пе» деп сұраған. Министр бұл тұста бәрі заң аясында жасалып отырғанын, артық кетіп жатқан жағдай жоқ екенін атап өткен.

Сондай-ақ оқыңыз