
25 сәуір – Қазақстан футбол күні. 2002 жылы дәл осы күні Қазақстан УЕФА-ға (Еуропа футбол ассоцациясы) толыққанды мүше болып қабылданды. Бұл отандық футбол үшін жаңа кезеңнің бастамасы болды. Содан бері Қазақстан футболы еуропалық деңгейде дамуға ұмтылып келеді.
Ұлттық құраманың даму жолы
УЕФА құрамына енгеннен кейін Қазақстан ұлттық құрамасы Еуропа чемпионаты мен Әлем чемпионатының іріктеу кезеңдеріне қатыса бастады. 2008 жылғы Еуро іріктеуінде Сербия мен Арменияны жеңіп, Бельгия және Әзірбайжанмен тең ойнау арқылы 10 ұпай жинады. Бұл сол жылдары алғашқы сенсациялық жеңістер болды десек болады. Нидерландылық бапкер Арно Пайперс ұлттық құрамаға еуропалық тәсілді енгізді: позициялық ойын, пасқа негізделген шабуылды орнатты, бірақ шетелдік маман ұлттық құрамада ұзақ мерзімге қалмады. Басталған жобалар аяқсыз қалды. Одан бөлек құрамада Бернд Штанге (Германия), Мирослав Беранек, (Чехия), Александр Бородюк, (Ресей) Юрий Красножан (Ресей), Станимир Стоилов (Болгария), Михаил Билек (Чехия), Магомед Адиев (Ресей), Станислав Черчесов (Ресей) сияқты шетелдік мамандар бапкер болды.
Магомед Адиев кезінде 2022-23 жылғы УЕФА Ұлттар лигасында Қазақстан құрамасы өз тобында бірінші орын алып, В дивизионына көтерілді.
Алайда, Қазақстан ұлттық құрамасы УЕФА мүшесі болғаннан бері әлем және Еуропа чемпионаттарына бірде-бір рет шыға алмады. Кейбір іріктеу кезеңдерінде жақсы нәтижелер көрсеткенімен, жалпы алғанда тұрақсыздық байқалады.
Клубтық деңгейдегі жетістіктер
Қазақстан клубтары да еуропалық ареналарда өздерін көрсете бастады.
- 2013 жылы Қарағандылық «Шахтер» УЕФА Еуропа лигасының топтық кезеңіне шыққан алғашқы қазақстандық клуб болды.
- «Астана» 2015/16 маусымында УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шығып, Қазақстан футболының тарихында жаңа белеске көтерілді.
- «Қайрат» 2021 жылы УЕФА Конференция лигасының топтық кезеңінде өнер көрсетті.
Инфрақұрылым мен жасөспірімдер футболы
Қазақстан футболының дамуында инфрақұрылымның орны ерекше. Соңғы онжылдықта елде бірнеше кәсіби футбол академиялары мен өңірлік орталықтар ашылды. Алайда олардың ішінен «Қайрат» академиясы ерекше аталады.
2009 жылы құрылған «Қайрат» академиясы:
- УЕФА стандарттарына сай жабдықталған.
- Алматыда орналасқан және елдегі ең мықты жасөспірімдер базасына ие.
- 6 жастан бастап 18 жасқа дейінгі ойыншыларды тәрбиелейді.
Қазақ футболында жақында болған тағы бір айтулы жетістік осы «Қайрат» футбол клубының түлегі 16 жастағы Дастан Сәтпаевтің лондондық Челси клубына ауысуы.
25 сәуір – Қазақстан футболы үшін маңызды күн. УЕФА-ға мүшелік отандық футболдың дамуына жаңа мүмкіндіктер ашты. Дегенмен, алда шешілуі тиіс мәселелер де бар. Жуырда Ұлттық құрылтайда президент Қасым-Жомарт Тоқаев футбол мәселесіне де тоқталып, еліміздегі футбол клубтары жекеменшікке өткізуді ұсынып, легионерлерге мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлінбейтін жаңа заңға қол қойды.
Сонымен қатар, 24 сәуірден бастап еліміздің барлық кинотеатрларында қазақ футболы жайлы алғашқы көркем фильм көрермендерге жол тартты.