Екібастұз МАЭС-3 электр станциясын салуға 3 трлн теңгеге тендер жариялады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Business News бөлімінің аға тілшісі
Фото: ашық дереккөз

Энергетика министрлігі Павлодар облысының Екібастұз қаласында қуаттылығы 2 640 МВт болатын көмір электр станциясының құрылысына тендер жариялады. Жобаның жалпы құны – 3,033 трлн теңге. Тендерге қатысуға өтінімдер 25 сәуір күні сағат 09:00-де қабылдана бастайды және 12 мамыр сағат 15:00-де аяқталады.

«Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі «Электр энергетикасы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 15-6-бабының 3-тармағына сәйкес, 2025 жылы жаңадан іске қосылатын электр қуатын өндіретін құрылғыларды салуға тендер жариялайды. Аталған жоба Екібастұз қаласының маңындағы Солнечный кентінде орналасатын конденсациялық электр станциясының (ГРЭС-3) құрылысы. Қуаты – 2640 МВт. Ол қатты отынмен, яғни көмірмен жұмыс істейді. Қатысуға ниетті инвесторларды осы тендерге шақырамыз», – деп жазылған министрлік хабарламасында.

Тендерлік құжаттамада жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі бұған дейін Екібастұз МАЭС-3 құрылысын бастау үшін жасалғаны көрсетілген. Бұл станция жергілікті көмірмен жұмыс істейді. Көмір Екібастұз маңындағы ашық әдіспен өндірілетін кеніштерден алынады. Бұл өндірілетін электр энергиясының өзіндік құнын едәуір төмендетуге мүмкіндік береді.

Жаңа МАЭС-3 бұрыннан бар МАЭС-3 станциясының жанында салынады. Сол себепті инфрақұрылым ортақ болады. Мысалы, үш станциядан шығатын күл қалдықтары Карасор көліндегі бір қалдық сақтайтын орынға жеткізіледі.

Станция құрылысы кезінде экологиялық талаптар ескеріледі. Яғни инвесторлар шаң бөліну деңгейі төмен, заманауи және экологиялық таза технологияларды пайдалануы керек. Бір киловатт-сағат электр энергиясын өндіруге кететін көмір шығыны 280 граммға дейін деп жоспарланған.

Жобаның жалпы құны – 3,033 трлн теңге. Ал электр қуатын қолдау үшін белгіленген ең жоғары жеке тариф – 1 мегаватт үшін айына 6,937 миллион теңге. Құрылыс 2025 жылдан 2032 жылға дейін жүргізіледі.

Тендерге қатысатын компаниялар жалпы жобаның 1%-ы көлемінде қаржылық қамтамасыз ету (кепілдік) ұсынуы тиіс.

Бұған дейін «Самұрық-Энерго» компаниясы Екібастұз МАЭС-3 құрылысы кезінде Қытайдан жеткізілген, бұрын МАЭС-2 жобасына арналған жабдықты пайдаланатынын хабарлаған. 2024 жылдың сәуір айында Энергетика министрлігінде өткен кеңесте аталған жобаның техникалық тапсырмасына өзгерістер енгізу ұсынылған. Бұл өзгерістер станция қуатын бастапқы жоспарланған екі блоктың орнына төрт энергоблокқа дейін ұлғайтуды және Қытайдан әкелінген жабдықты пайдалану мүмкіндігін қарастыруды көздейді.

Былтыр қыста Қазақстандағы ең ірі жылы электр станцияларының бірі – Екібастұз МАЭС-1-де жаңа №1 энергоблок қосылған еді. Жаңа энергоблоктың қуаты 500 МВт. 

Сондай-ақ оқыңыз