Қазақстандағы қытайлық компанияға 1 млрд теңге айыппұл салынды

Шығыс Қазақстанда облысында жұмыс істейтін «СИНЬСИН Құрылыс және даму бойынша Қытай компаниясы» тексерілді. Кәсіпорынның экологиялық заңнаманы бұзғаны анықталып, 1 млрд теңге айыппұл салды. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасынан хабарлайды.
Компания ІІ санаттағы нысандармен жұмыс істегенде асфальтбетон қондырғысы мен ұсақтау кешенін пайдаланған. Бірақ ол үшін экологиялық рұқсат алынбаған.
«2024 жылғы 21 қарашадағы инспектордың қаулысымен ЖШС Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 328-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Соттың 2025 жылғы 4 наурыздағы қаулысымен ЖШС-нің кінәсі анықталып, 1 миллиард теңге көлемінде айыппұл салынды», – деп жазылған прокуратура мәлімдемесінде.
«СИНЬСИН Құрылыс және даму бойынша Қытай компаниясы» China Xinxing Corporation-ға қарайды.
China Xinxing Corporation – Қытай Халық Республикасының ірі мемлекеттік корпорацияларының бірі. Негізінен әскери, қауіпсіздік және логистикалық жабдықтарды өндіру мен экспорттауға маманданған.
Осыған дейін China Xinxing Corporation Қазақстандағы Калбатау–Майқапшағай автожолының құрылысына байланысты дау-дамайға іліккен. Бұл жоба аяқталмай қалғанына қарамастан, қытайлық компания Банк ЦентрКредиттен кепілдік міндеттемелері бойынша 27,4 миллиард теңге өндіріп алды. Ал жоба өз деңгейінде орындалмай, мерзімінен бұрын тоқтап қалды.